Алматылықтарды 3,7 миллиард теңгеге алдаған шетелдік әйел Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды (видео)
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресейден аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Өзбекстан азаматын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Күдікті 2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы құрылыс компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеген.
“Ол үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша алуды жүзеге асырған. Тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылыс объектісі бойынша кіріс кассалық ордерлеріне бухгалтерлік есепте көрсетілмеген жалған түбіртектер жазған.
Оның және қылмыстың басқа да қатысушыларының әрекеттері салдарынан Алматы қаласының 80-нен астам тұрғыны зардап шекті. Оларға 3,7 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді”, – делінген хабарламада.
Қылмысқа қатысушылардың бірі сотталған. Алайда ол қылмыс жасағаннан кейін жасырынған. Сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланды.
“Өткен жылдың желтоқсан айында іздеуде жүрген адам Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталды. Кейін Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Айыптаған қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған”, – делінген хабарламада.