Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да аудан әкімдігіне 61 миллион теңгеге көлік сатып алуға тыйым салынды

көлік
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы әкімдігі сегіз қызметтік көлік сатып алуды жоспарлаған. Оған бюджеттен 61 миллион теңге жұмсау көзделген. Алайда облыстық прокуратура бұл шығынды негізсіз деп танып, мемлекеттік сатып алуды тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокуратура мәліметінше, жоспарланған сатып алу Үкіметтің 2025 жылы қыркүйекте қабылдаған қаулысымен енгізілген мораторий талаптарына қайшы келген.

“Прокурордың наразылығы бойынша мемлекеттік сатып алу тоқтатылып, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов өңірдегі мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік көліктеріне арнайы жапсырмалар жабыстыруды ұсынған. Оның айтуынша, бұл қызметтік көліктердің мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеу және қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, Үкіметтің 2025 жылы 24 қыркүйектегі қаулысымен 2028 жылы 31 желтоқсанға дейін республикалық және жергілікті бюджеттерді жоспарлау кезінде бірқатар шығындарға бюджет қаражатын бөлуге мораторий енгізілген. Сонымен қатар жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша үнемделген қаражатты бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өз бетінше пайдалануына шектеу қойылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 22 мемлекеттік қызметкер такси жүргізушісі болып жұмыс істегені үшін жауапқа тартылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 05 Қыркүйек, 2026 17:17