Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әулетін ақтау үшін соғысқа барды": Алаш көсемінің қызы Елизавета Бөкейханованың ерлігі жайлы оның келіні айтып берді

Екінші дүние жүзілік соғыстың аяқталғанына да 76 жыл болды. Десек те ерлік пен елдігін көрсеткен талай сарбаз, талай тағдырдың есімі әлі белгісіз, батырлығы әлі баянсыз қалғаны анық. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизавета Әлиханқызы майданға ұлы Ескендірдің соңынан кетті. Ескендір қазаға ұшты. Ал анасы Солтүстік-Батыс майданында дәрігерлік қызмет атқарып, майор атағымен оралды. Ол әскери медицина саласындағы тұңғыш майор әйел. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды. 

Бөкейханов

Елизавета Әлиханқызы мен келіні Александра Головкина

Соңғы деректер бойынша, қазақ даласынан соғысқа 7 мыңнан аса қыз-келіншек аттанған. Арасында сан түрлі мамандықтың иесі бар.  

"Азан шақырып қойған аты Зейнеп. Кейін Мәскеуде тұрып жатқанда төлқұжат берген кезде атын Елизавета атап кеткен. Айналасындағылар Лиза деп атаған. Елизавета Бөкейханова, Алаш орда көсемі Әлихан Бөкейхановтың қызы, Смағұл Садуақасовтың жары. 1903 жылы туған. Зейнеп соғысқа бару арқылы өзін ғана емес, әкесін ғана емес, жалпы Бөкейхан әулетін ақтағысы келді", - деді Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті "Алаш" ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлы.

"Алғашында Бөкейхановтар деген кім екенін білмедім. Сырымға тұрмысқа шығар кезде оны анам ұнатып қалды. Бірақ көршіміз келіп, сендер оның тегін білмейсіңдер ме? Олар - елді масқаралаған әулет", - дейді Ә. Бөкейхановтың келіні Александра Головкина. 

Әлихан Бөкейхановтың немере інісі Сырым Бөкейхановтың жары биыл 80 жасқа келген. 1969 жылы құрылыс мамандығы бойыша Мәскеуге аспирантураға түсіп, Елизавета Әлиханқызының өмірінің соңғы сәттерінде жанында  болған. Сөзінше, ауруханаға соңғы рет өзі шығарып салған.

"Әлихан Бөкейхановтың қилы тағдырынан кейін оның ұрпақтарына да оңай болмады.  Оның үстінде Елизаветаның Смағұл Садуақасовтан қалған жалғыз ұлы Ескендірде 16-ға толған кезінде жасын ұлғайтып көрсетіп, Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысады", - делінген мұрағат жазбаларында. 

Бірақ ол хабар-ошарсыз кеткен. Жалғыз баланың соңынан анасы да майданға аттанады.

"Елизавета Әлиханқызының ерлігі сол - өзі сұранып майданға баруы. Ол эшелон жылжымалы, темір жол арқылы майданның шебіне дейін барады емес пе?! Қанша рет әуеден бомбалаған. Лиза өзі жоғары білімді, әрі ғылыми дәрежесі болғандықтан бұған бірден офицер шенін берген", - деді Сұлтанхан Аққұлы.

"Ол кісі екінші дүниежүзілік соғысқа дейін ғылыми дәрежесін қорғаған адам. Мен жаңылыспаспын, осыған дейінде қорғаған қазақтың бірінші қызы болуы да ғажап емес", - дейді алаштанушы, ғалым Дихан Қамзабекұлы.  

Майданнан майор шенімен оралған қазақ қызы 1971 жылға дейін Мәскеуде ғылыми зерттеу институтында еңбек етті. Ғылым докторы санитария және гинекология саласы бойынша 7-8 кітап жазған. Бірақ соғыстан кейін туған елге оралмады.   

"Бір сол кезде жастығым болар, ойланбастан "Лиза апай, сіз мықты мамансыз ғой, неге елге барып бізбен тұрмаймыз?" дедім. Ол кісі мені ол жаққа барсам, екі айдың ішінде түбіме жетеді деп күрсінді. Ол кезде мен түсінбедім. Мәскеу жақта Садуақасовты көп білмейді ғой. Жұмысына мығым, текті, ерекше адам еді", - дейді Ә. Бөкейхановтың келіні Александра Головкина.

Елизавета Әлиханқызы майданға аттанып,  партияға өтіп, кеңес идеясын қолдайтынын білдірді. Алайда халық жауының қызы деген  қара таңбадан арыла алмады. Өйткені әкесі Әлихан Бөкейханов саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қайраткерлерінің арасынан ең соңғы, 1989 жылы ғана ақталды.

Талқылау