Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Біздің жүрегімізді қан жылатып тұрғаны үй емес»: Ұшақ құлаған үй иесінің ағасы шындықты айтты

Bek Air ұшағы құлаған үй иесінің туысқан ағасы қайғылы жағдайдың оларға да әсер етпей қоймағанын жеткізді. Ол қираған үйі үшін інісінің өтемақы еш сұрамағанын, тіпті оны ойламағанын да айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

бұзылған үй

Бұл туралы Қайсар Қауымбек өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Айтуынша, журналистер інісінен сұхбат алған. Ол жерде төртіші билік өкілінің қайғылы жағдай кезінде одан өтемақы туралы сұрағанына қынжылатынын жеткізді.

«Bek Air ұшағы соқтығысқан үй менің туған жиеніме тиесілі. Апайымның ұлының үйі. Бұл үй су, газ болмағандығы үшін бірнеше жылдан бері иен тұрған болатын. Өздері Шелек ауданында үй жалдап тұрып жатқан. Таң алдында ауылдық әкімшіліктен хабарласып, үй орнында апатты жағдай болғанын айтқанда мүлдем сенбепті. Сәлден кейін Whatsapp желісіне суреттер жібергенде ғана барып сендім деп отыр. Үйдің құжаттарын алып, штбақа жетуін айтқан. Әлеуметтік желідегі қаралы хабарлардан кейін не істерін білмей сасқалақтап қоңырау шалып «мені шақырып жатыр, бірге барсаңыздар» деді. Әрине, біздің де жүрегімізді қан жылатып тұрғаны үй емес, ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазасы мен қасіреті еді. Шынын айтқанда жұрт қара жамылып жатқан жерге жетіп барудың өзі қиын екен. Бардық, көрдік. Біз барғанда әуелі жақындатпады. Кейін үй иесінің ағасы екен деген соң ғана ішке жіберді», – деп жазды ол. 

Оның айтуынша, осы сәтте інісінің журналистерге сұхбат беруге шамасы болмаған. Тіпті қазір де өтемақы ойлайтын шамасы жоқтығын айтады. Оны әкімдер мен Bek Air компаниясы шеше жатар дейді.

«Бұл кезде Ришаттың айналасында кілең сол жердегі биліктегілер. Журналситерге сұхбат бермеуін, өздері келісіп шешетіндерін қайта-қайта тапсырып, әбден сансыратыпты. Біз қасына барып тұрғанда да олар Ришатты қайта-қайта шақырып әкетіп, мазалап тұрды. Жүздерінде қайғыдан гөрі үрей мен алаң басым. Ал жиенім «Маған батып тұрғаны үйдің қирағаны емес, он бес адам қайтыс болды дейді және бұл жағдай менің үйімнің ауласында болғаны» деп егіліп отыр. Осы үшін де ол сол жердегі журналистерге сұхбат беруден ыңғайсызданып, қашып жүрді. Мен оны түсініп һәм қара басын күйттемеген азаматтығына риза боп тұрдым. Жарас Ниязбек досым үй иесінің сұхбат беруін, үй және құжаттар туралы ғана сұрақ қоятынын айтып еді. Ауыл әкімі журналистерді қақпайлап, Ришатты көлігіне салып алып кетті. Одан кейін оны біз де көрмей қалдық. Ал, кешегі белгілі ақпараттық сайттардың «Үйіне ұшақ құлаған азамат өтемақы төленбей ме деп қауіптенеді» деп айғай-сүреннің тақырыбын қойып, қаралы елдің ашу-ызасын сол жігітке бұрып жатқанына не айтуға болады. Марқұмдардың сүйегі суымай тұрып, үйдің иесін төлем ақы туралы әңгімеге тарту журналистикалық этика түгілі адамдық болмысымызға да сын емес пе?! Бұл жағдайда ол да зардап шегуші есебінде. Төлем ақы берілер, берілмес. Оны сол жердегі «уайым-қайғы басып» жүрген әкімдер мен Bek Air компаниясы шеше жатар», – деп жазды Қайсар Қауымбек.

Ұшақ апатынан кейін үйдің иесі кейіннен халыққа үндеу жасады. Ол мүлдем өтемақы сұрамағанын, тіпті қираған үйі үшін есептескісі келмейтінін айтқан. 
 

Талқылау