"Бізді мемлекетке қарсы қоймақ": Алматыда баспасөз орталығына келген көпбалалы аналар төбелесті (видео)
Алматыда баспасөз орталығында көпбалалы аналардың төбелесі болды. Төбелес салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, тілшілердің аппараты зақымданды.
"Баспасөз мәслихаты өткен жоқ. Басталар алдында адвокат Оксана Шевчуктың анасын күтіп алуға кетті. Дәлізде 20 көпбалалы ана жиналды. Олар чат арқылы хабарлама алғанын айтты. Мен жанжал туатынын біліп, баспасөз мәслихатының өтпейтінін айттым. Сол кезде әйелдер бала көтеріп тұрған Оксананың анасын қоршап алды. Әйелдер журналистерге қарсы шықты. Аппараттарын сындырмақ болды. 40 минуттай болды. Полиция шақырып едік, 1 жарым сағаттан соң келді. Ол кезде әйелдердің бәрі кетіп қалды. Тек бір ғана әйелді ұстап алды", -деді Адам құқығын қорғаушы қазақстандық халықаралық бюро журналисі Андрей Гришин.
Мемлекет балалармен, аналармен күресуде" деген тақырыппен баспасөз мәслихаты өтуі тиіс болған. Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова, Оксана Шевчуктың ісі бойынша бірқатар фактілер айтылуы тиіс болған. Олардың ҚДТ-ға қатысы бойынша тергеу жүріп жатыр.
Дәліздегі әйелдер ішінде көпбалалы ана Ақтоты Өтешова да бар. Айтуынша, әйелдерді орталықтағы ер адам ұрып-соққан.
"Бізді көпбалалы аналардың митингісіне жібергісі келетіні жазылған. Мен белсені ретінде соларға барып, "бізді не себепті митингіге жібермексіздер, біз мемлекеттен тиісті көмекті алып отырмыз" деп айту үшін бардым.
Кабинет алдына жиналғанда ер адам келіп не үшін келгенімізді сұрады. Біз хатты оқыған соң келдік деп жауап бердік. Ол "бұл жерден кетіңдер" деді. Кейін Мұрат есімді ер адам келіп, әйелдің бірін жұдырықпен ұрып жіберді. Екінші әйел арашалауға барғанда оны да ұрды. Сосын төбелес басталды. Мұраттың ҚДТ мүшесі екенін білдік. Ол аналардың сауатсыздығын пайдаланбақ болған. Мемлекетке қарсы қоймақ болған", - деді Ақтоты Өтешова.