"141 адам жұмысқа шықпады": Жаңаөзендегі ереуіл бойынша қазіргі ахуал белгілі болды
"ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов "Өзенмұнайгаз" кәсіпорнындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: azattyq видеосынан скрин
Хасенов Жаңаөзендегі ереуілдің компанияға келтірген шығынын атады.
"Зақым әртүрлі, негізі күніне шамамен 100 тоннаны жоғалтып жатырмыз, бірақ негізгі техника мен негізгі бригадалар қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Сол үшін көлемі ұлғаяды", – деді Хасенов брифингте.
Компания басшысы "ҚазМұнайГаз" басшылығы ереуілшілермен диалогқа дайын деп сендірді.
"Біз барлығын жұмысқа шығуға шақырамыз. Екіншіден, адамдар дұрыс емес ақпарат алып жатыр. Ақпарат дұрыс жеткізілсе, рұқсат етілмеген әрекеттерге мүлдем негіз жоқ деп есептеймін. Біз диалогқа дайынбыз", – деп атап өтті ол.
Хасенов қанша адам әлі де ереуілде екенін хабарлады.
"Бүгінгі күні 141 адам жұмысқа шықпады, қалғандары жұмыс орнында", – деді Асхат Хасенов.
Жаңаөзенде 14 қарашадан бері "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының ереуілі жалғасып жатыр. Олар жұмыс берушіден "Өзенмұнайгаздан" зейнетке шыққан және өндіріс салдарынан денсаулығынан айырылған мұнайшылар баласын жұмысқа орналастыруды, 55-58 жастағы жұмысқа жарамсыз болып қалғандар өз еркімен жұмыстан кеткен жағдайда 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК, 1 107 000 теңге – 2214 доллар) өтемақы төлеуді, техниканы жаңартып, операторлар мен машинистер разрядын көтеруді, дербес еңбекақы жүйесіне өтіп, жалақыға салынатын салықты жұмыс беруші төлесін деп талап еткен.
Бұған дейін "Өзенмұнайгаз" жұмысшылар талабына жауап ретінде хабарлама таратып, оларды орындау мүмкін емес деп мәлімдеген. Компания жауабында ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығына байланысты жұмысқа жарамай қалғандардың баласын жұмысқа алу Жаңаөзендегі 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады деп айтылған.