Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев пен Байжановқа қатысты сот үкімі бүгін шығады

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот үкімі бүгін сағат 17:00-де шығады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Сондай-ақ Жоғарғы сот екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа қатысты үкім де бүгін шығатынын хабарлады. 

“2024 жылы 13 мамыр күні сағат 17:00-де Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бишімбаев пен Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланады. Сот отырысынан кейін аталған сот процесінің аяқталуына арналған баспасөз-конференциясы өтеді”, – деп хабарлады Жоғарғы сот. 

Бишімбаев әйелі Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.

Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысында судья шешім шығару үшін құрылған сұрақтарды алқабилерге оқыған еді. Алқабилерге арналған сұрақтар тізімінде 13 сұрақ болды. Оның 10-ы Бишімбаевқа қатысты, 3-і Байжановқа қатысты болған. Осыдан кейін алқабилер дауыс беру және үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне жіберілген еді. 

Алқабилер тарапына қойылған сұрақтарға мыналар кірді:

  • Салтанат Нүкенованың 2022 жылдың 16 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 9 қарашасына дейін денесінің және басының әр жерінен үнемі ұрып-соғу арқылы физикалық азап шеккені, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлай отырып, моральдық азап шеккені дәлелденді ме?
  • Бұл әрекетті Қуандық Бишімбаев жасағаны дәлелденді ме?
  • Бұл әрекетке Бишімбаев кінәлі ме?
  • Жәбірленуші (Салтанат Нүкенова) Қуандық Бишімбаевпен бірге тұрған кезден бастап өз бетінше ақша табуды тоқтатып, материалдық тәуелділікте болғаны дәлелденді ме?
  • Салтанат Нүкенованың Bau мейрамханасында бас-ми жарақаты субдуралды гематома салдарынан көз жұмғаны дәлелденді ме?
  • Салтанат Нүкеноваға әдейілеп бірнеше рет соққы жасалғаны дәлелденді ме? Соққыны сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?

Алқабилерге қойылған бірнеше сұрақтың мәні осындай болды. 

Талқылау