Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-министрдің сотында алқабилерге кісі өлтіру болған түндегі бейнебақылау камераларындағы жазба көрсетілді

Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сотта прокурор "Бау" мейрамханасындағы барлық бейнебақылауларды қарап шығуды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокурор Айжан Аймағанова мейрамханадағы бейнекамералармен қатар телефондар мен көшедегі бейнебақылау камераларын қарап шығуды ұсынды.

“Сотталушы Бишімбаевтан толық жауап алу үшін, сондай-ақ құрметті алқабилер 8 және 9 қарашада болған оқиғалар туралы нақты түсінік алуы үшін құрметті сот, "Бау" мейрамханасының бейнебақылау камераларынан, "Қазақстан" орталық концерт залының бейнебақылау камераларынан алынған бейне жазбаларды тексеруді, оқиға болған жерді ішінара тексеруді, сондай-ақ ұялы телефонды тексеруді сұраймыз. Сондай-ақ куәгер Ахмединаның телефонын тексеру барысы, ол да іс материалдарында бар”, – деді прокурор.

Прокурор Бишімбаевтың өзін марқұм Нүкенованы аялаған күйеу ретінде көрсетіп, оның абыройына нұқсан келтіру арқылы куәлік бергенін атап өтеді.

"Ендеше Бишімбаевтың Нүкеноваға 8-9 қараша күндері қалай қамқорлық жасағанын көрейік", – дейді Айжан Аймағанова.



Іске барлық қатысушыларды тыңдаған судья прокурордың Нүкенова өлтірілген түндегі бейнебақылау камераларынан түсірілген бейнежазбаларды көру туралы өтінішін қанағаттандырды.

Марқұмның ағасы Айтбек Амангелді сот процесін трансляциялау кезінде бейнежазбаның кейбір кадрларын, атап айтқанда Салтанаттың мәйітінің фотосуреттерін көрсетпеуді сұрады.

Ал Бишімбаев керісінше Салтанаттың денесіндегі жарақаттардың көрсетілгенін қалайтынын жеткізді. Осылайша ол қоғамда айтылғанның шындыққа жанаспайтынын дәлелдегісі келеді екен.

Сот бейнежазбаларды тексеру, оқиға болған жерді қарау және Салтанаттың ұялы телефонын тексеру хаттамаларын қарауға рұқсат берді. Денені тексеру хаттамасындағы фотосуреттер тек алқабилерге көрсетіледі. 

Айта кетейік, Астанада айыпталушы Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Бұған дейін Бишімбаев сотта әйелінің қаза тапқан кезін баяндаған.

Еске салайық, 

бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов - қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау