Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бишімбаевтың көріпкеліне хабарласыңыз": Қызылорда соты жалған ақпарат таратты деп айыпталған белсендінің ісін тоқтатты

28 мамырда сот қызылордалық белсенді Гүлназ Серікбаеваға қатысты істі құқық бұзушылық белгілерінің жоқтығы үшін тоқтату туралы шешім шығарды. Оған әлеуметтік желідегі жазбасы үшін "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото Гүлназ Серікбаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған

Мәліметтерге сүйенсек, белсенді тұрғынның өзі тағылған айыпты жоққа шығарды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, полиция баяндамасында белсендінің Facebook-те жазбасын жариялағаны көрсетілген. 

“Батып кеткен малға ақша алу үшін оның мәйітін тауып, дәлел ретінде беру керек. Малдың денесін таба алмасаңыз, Бишімбаевтың көріпкеліне хабарласыңыз, ол 100% көмектеседі”, – делінген хабарламада.

Қорғаушы тарап бұл әрекеттерде қылмыс құрамының жоқтығын алға тартып, Серікбаеваның БАҚ-тағы ақпаратқа негізделгенін баса айтты.

Құқық қорғаушылар Гүлназ Серікбаеваның мақаласы сатиралық сипатта болғанын және бұл жазба белсендіні “саяси қудалауға” себеп болғанын атап өтті.



Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев секілді көріпкелдер мен тарошылар қызметіне ешқашан жүгінбегенін жазған едік. Сонымен қатар министр қандай мемлекеттік қызметкерлердің көріпкелдерге жүгінетінін білмейтінін де тілге тиек етті. Бұдан бөлек Саясат Нұрбек экс-министр Бишімбаевтың көріпкелдерге барғанын ақымақтық деп айтты.

Талқылау