Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың ең үлкен қатесі – телефонының құпия сөзін бергені – Айжан Аймағанова

Прокурор Айжан Аймағанова Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында сотта Бишімбаев қандай қате жібергенін айтты. Экс-министр телефонында қандай видеолар барын білмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан кадр

Айжан Аймағанова соттың Бишімбаевқа лайықты әрі әділ үкім шығарғанын айтты. 

“Соттың үкімімен қанағаттандық. Бишімбаевтың адвокаттары аппеляциялық шағым түсіреді. Бірақ үкімде айтарлықтай өзгерістер болады деп айта алмаймын. Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 7 жыл бас бостандығынан айыру, 99-баптың 2-бөлігімен 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрадық. Жазаны ішінара қосу арқылы бас-аяғы 24 жылға сотталуын ұсындық. 24 жыл да аз уақыт емес. Сол себепті бұл әділ, лайықты жаза деп ойлаймын”, – дейді прокурор.

Оның айтуынша, олар бұлтартпас айғақтар мен дәлелдерді сотталушының телефонынан тапқан.

“Бишімбаевтың ең үлкен қатесі – өзінің телефонының құпия сөзін бергені. Оның телефонында әр минут сайын түсірілген 30 секундтық, 1-2 минуттық 27 видео барын анықтадық. Телефонда сол видеолардың барын білмегеніне қарағанда ол қатты мас болған. Мен оның мұны жүйелі түрде жасап отырғанына сенімдімін. Адам өзінің үнемі істеп жүрген әрекетіне келгенде қырағылығын жоғалтады. Бишімбаевта да сондай жағдай болды”, – дейді Айжан Аймағанова.

Прокурор сот процесі барысында өзінің эмоцияға берілгенін мойындады. Айтуынша, бұл оның жұмыс кезінде қолданатын әдісі екен.

“Иә, сот маған орынды ескертулер жасады. Эмоцияға ерік бергеніме келсек, алқабилер қатысқан сотта эмоцияның болуы заңды. Біреулер мұны “кәсібилікке жатпайды” деп жатады. Бірақ мен олай деп ойламаймын. Өйткені алқабилер – заң саласынан алыс адамдар. Біздің заң тіліміз оларға түсінікті болуы үшін эмоция керек. Біз көрсеткен айғақтар мен дәлелдер алқабилердің санасында жатталып қалу үшін эмоцияға ерік беремін. Бұл –алқабилердің қатысуымен өтетін соттағы жеке менің жұмыс істеу әдісім”, – дейді ол.

Талқылау