Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың бұрынғы әйелі сот үкіміне қатысты пікір білдірді

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот үкіміне пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Назым осы айлар бойы өзіне де, балаларына да қиын болғанын жеткізді.

"Бір жағынан, мен әйел ретінде, азамат ретінде ашық сот идеясын қолдадым. Өйткені бұл үдерісті қоғамды жақсартуға жасалған қадам ретінде қабылдаймын. Екінші жағынан, сот процесі, балаларға және мен үшін үлкен стресс болды. Себебі балалар үшін төтеп беруге және онымен өмір сүруге тура келетін таңғалдыратын және травматикалық мәліметтер пайда болды. Мұны әлемдегі ешбір балаға тілемес едім", – деді Назым Қаһарман.



Қуандық Бишімбаевтың экс-жұбайы Нүкеновтер отбасына тағы да көңіл айтты.

"Сот отырысында оларға жақын адамынан айырылу оқиғасын қайта-қайта бастан кешіруге, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін ерлікпен қорғай отырып, Салтанаттың соңғы сәтінің жан түршігерлік сәттерін көруге тура келді. Меніңше, алқабилер істің барлық ашық және жабық материалын жан-жақты зерттей келе, салмақты әрі нақты шешім қабылдады", – деді Назым Қаһарман.

Айта кетейік, Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл ресми некеде болған. Олардың үш баласы бар. Ерлі-зайыпты 2020 жылы, экс-министр сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы қылмыстық іс бойынша түрмеден шыққаннан кейін бір жылдан соң ажырасқан.

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.

Экс-министр Қуандық Бишімбаев соңғы сот отырысында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. 

Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысында судья шешім шығару үшін құрылған сұрақтарды алқабилерге оқыған еді. Алқабилерге арналған сұрақтар тізімінде 13 сұрақ болды. Оның 10-ы Бишімбаевқа қатысты, 3-і Байжановқа қатысты болған. Осыдан кейін алқабилер дауыс беру және үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне жіберілген еді. 

Алқабилер тарапына қойылған сұрақтарға мыналар кірді:

  • Салтанат Нүкенованың 2022 жылдың 16 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 9 қарашасына дейін денесінің және басының әр жерінен үнемі ұрып-соғу арқылы физикалық азап шеккені, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлай отырып, моральдық азап шеккені дәлелденді ме?
  • Бұл әрекетті Қуандық Бишімбаев жасағаны дәлелденді ме?
  • Бұл әрекетке Бишімбаев кінәлі ме?
  • Жәбірленуші (Салтанат Нүкенова) Қуандық Бишімбаевпен бірге тұрған кезден бастап өз бетінше ақша табуды тоқтатып, материалдық тәуелділікте болғаны дәлелденді ме?
  • Салтанат Нүкенованың Bau мейрамханасында бас-ми жарақаты субдуралды гематома салдарынан көз жұмғаны дәлелденді ме?
  • Салтанат Нүкеноваға әдейілеп бірнеше рет соққы жасалғаны дәлелденді ме? Соққыны сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?

Сондай-ақ Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі 13 мамырда сағат 17:00-де шығатыны хабарланған еді. Нәтижесінде әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды. 

Талқылау