Бишімбаевтың анасы сот залында алғаш рет сөз сөйледі
Өз әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Бүгін сот отырысында сотталушының анасы Альмира Нұрлыбекова алғаш рет сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тікелей эфирден скриншот
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары тартқан ресейлік мамандардың сараптамаларын жалған деп, оны алып тастау туралы өтініш білдірді.
Бұған залда отырған сотталушының анасы Альмира Нұрлыбекова пікір білдіріп, ұлының құқығын шектемеуді сұрады.
"Мен қазір тыңдап отырмын, әрине, заңгер емеспін. Бірақ егер сіз мәскеулік маманның тұжырымын қабылдамасаңыз, онда менің баламның конституциялық құқықтары, өзін қорғау құқығы бұзылады деп санаймын. Сондықтан соттан, прокурорлардан, жәбірленушілерден мені ана ретінде түсінулерін сұраймын", – деді сотталушының анасы.
Бұған дейін Бишімбаевтың адвокаты Рамазанова жалған құжат жасады деген күдікке ілінді.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.