Бишімбаев соты: Көріпкел қысымнан қорқып, өзінен жабық режимде жауап алуды сұрады
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Бишімбаев ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
Прокурор видеолардың бір бөлігін алқабилердің қатысуынсыз көрсетуді сұрады. Судья өтінішті қарау үшін онлайн-трансляцияны тоқтатып, сот залындағы журналистерге фото-видео түсірмеу керегін ескертті.
Нүкеновтер отбасының адвокаттары кеше көрсетілген видеоларды экраннан көрсетіп, онлайн-трансляцияны өшіруді, сонымен қатар БАҚ өкілдерін сот залынан шығаруды сұрады. Олар бұл видеоларды алқабилер де көріп, талқылау керек екенін және соған байланысты Бишімбаевтан жауап алу керегін айтты.
Бишімбаев адвокаты Назым Құсайынова видеоны барлық тарап көріп шыққанын, оны көрсетпей-ақ сұрақ қойса болатынын айтты.
Судья өтінішті қанағаттандырды.
Сонымен қатар прокурор Айжан Аймағанова көріпкел Ережеповадан жабық режимде жауап алуды сұрады. Ол өзіне қысым көрсетілуі мүмкін екенінен қорыққан.
Екі тараптың адвокаттары оған қарсы шығып, бұған дейінгі куәгерлердің бәрі ашық режимде жауап бергенін айтты.
Судья куәгерге қандай қауіп төніп тұрғаны нақтыланбағандықтан өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар жауап берушінің жеке деректері қорғалатынын атап өтіп, одан жауап алу кезінде түрі көрсетілмейтінін айтты.
Қазір куәгерден жауап алынып жатыр.