Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірыңғай уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер етті ме – Министр жауап берді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкіметте өткен баспасөз мәслихатында бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петицияға қатысты жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрі бұған дейін жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына оң әсері болатынын айтқан еді. Алайда көпшілік уақыт белдеуі ауысқан соң  өздерін физикалық және психологиялық тұрғыдан нашар сезінетінін айтып, шағымданды. 



“Негізі уақыт белдеуі мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бұл жұмысқа еліміздің ғылыми орталықтары жұмылдырылды. Мысалы, физиология институты, Ф.Г.Фесенков атындағы астрофизика институты. Сондықтан бұл шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданды. Екіншіден, біз уақыт белдеуін өзгерткеннен кейін емханалар мен ауруханаларға ағылатын науқастардың азайғанын байқадық. Бүгінгі дейін “уақыт белдеуі денсаулыққа кері әсерін тигізбеді” деуге негіз бар. Мен бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын”, – дейді Ақмарал Әлназарова.

Еске салайық, 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысқанын жазған едік. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығынданатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған. 

Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік.

Талқылау