Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бикеш: Жұлдыз белгісінің мінездемесі

Бір қарағанда Бикештер материалдық қиындықтар мен тұрмыстағы ұсақ-түйектер жайттарды ғана ойлайтын жан болып көрінгенімен, бұл олай емес. Тек бұл адамдар ерекше мұқият әрі айналасындағы кемшіліктерді тез байқап қояды. Дәл осы себепті аталған жұлдыз белгісі өкілдерінің көбі үйіндегі тазалыққа аса мән береді. 

Әдетте Бикештер ақылды келеді. Олардың бойында ақылмен қатар, ішкі түйсігі де жақсы дамыған. Алайда айналасындағылардың кемшілігін көп байқап, жиі сынап-мінейтіндіктен, салдарынан достары мен жақындарын жоғалтып жатады. 

Бикештердің көптеген мәселеге қатысты өзіндік пікірі бар. Алайда оны кез келген адамның алдында емес, тек лайықты әрі қызықты қарсыласымен дауласқан кезде дәлелдеуге тырысады. Ал ақымақ әрі түсінігі тар адамдарға өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге талпынбайды да. 

Бикештердің көбінің сырт келбеті тартымды және қаласа, кез келген жанды көркімен таңғалдыра алады. Алайда бұл жұлдыз белгісінің өкілдері көлеңкеде қалып, өзгелердің назарын өзіне аудармауға тырысады. Сондықтан көп жағдайда айналасындағылар оларды бағалай бермейді. 

Әдетте Бикештер – өте сабырлы, ұстамды. Алайда өзгелердің дөрекілігі, әдепсіздігі мен ақымақтығын көріп, ашуға бой алдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда Бикештер өзін ұстай алмай қалуы да ғажап емес; анағұрлым ұстамдылары ашуына тиген адамнан аулақ кетуге тырысса, енді бірі жаға жыртысуға дейін барады. 

Бикештер ешкімге міндетті болмау үшін қарыз болып өмір сүруді қаламайды және ақшаны ақылмен жұмсайды.  

Бикеш-ерлердің ішкі куаты күшті болғанымен, олар тағдырға мойынсұнады және тәуекелге бел бууы, батыл қадам жасауы сирек. Олардың есте сақтау қабілеті тамаша және өзге жұлдыз белгісінде туылған ерлерге қарағанда, ұсақ-түйек нәрселерге жіті мән береді.

Ал Бикеш-әйелдер әдетте қарапайым әрі ұялшақ келеді. Олар өзгелерге кемшіліксіз, мінсіз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл олардың негізгі артықшылығы емес. Бикештердің арасында мінезі ауыр әйелдер де кездеседі, бірақ олар ақылдылығымен, тамаша талғамымен және құштарлық мінезімен ерекшеленеді. 

Бикештер белсенді жұлдыз белгілерінің қатарына кірмейді. Бұл аталған жұлдыз белгісі өкілдерінің әлсіздігін аңғартпайды. Олар нағыз қиындықтарға ғана қарсы тұруды жөн көреді. 

Сырт көзге Бикештер сабырлы болып көрінгенімен, олар – өте уайымшыл. Сонымен қатар өз әрекеттері мен шешімінің дұрыстығына жиі күмәнданып, өткен қателіктерінің жазасын күтумен жүреді. Жалпы, жауапкершілікті сезіну қасиетінің шектен тыс дамуы – Бикештердің ең осал тұсы. Олар өмірдегі барлық бақытсыздықтың кінәсін өз мойнына алуға дайын сияқты көрінеді. Және аздаған жауапсыздық таныту мен жеңіл ойлаудың өзін бақытты ете алатынын түсіне бермейді.

Бикештер адамдармен оңай тіл табысады және олармен әңгімелесудің өзі жақсы әсер қалдырады. Алайда олар табиғатынан жалғыздықты қалайды, сонымен қатар тынбай еңбектенуді құп көреді. Осы себепті олар әріптестері, серіктестерінің арасынан жанына жақын жандарды табады. 

Десе де айналасындағыларға ашық Бикештердің өзі ішіндегі уайымды сыртқа білдірмеуге бейім. Олар өзінің не өзгенің жіберген қателігі үшін қатты уайымдап, сол үшін жанын жегідей жейді. Ал мұндай күйден арылудың ең үздік жолы – қиын жағдайға тап болған жандарға көмекке келу. 

Бикештердің көрегендігі өмірдің барлық саласында көп байқалайды. Алайда бұл қабілеті өзгелерге баға беру кезінде ерекше көзге түседі. Аталған жұлдыз белгісі өкілдерін алдау мүмкін емес. 

Талқылау