Екі терроризм актісінің алдын алған: ҰҚК төрағасы діни радикалдармен күрес туралы айтты
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Қазинформ агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында террористік актілердің алдын алу шаралары туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Ермек Сағымбаев діни және өзге де үкіметтік емес бірлестіктердің мемлекетпен бірлесіп, халықпен атқарып жатқан ауқымды жұмысын атап өтті.
"Көпшілік біле қоймас, біздің экстремистерді қайта әлеуметтендіру бойынша тәжірибеміз әлемде озық деп танылған. Оны әртүрлі халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ жоғары бағалағанын атап өткен жөн. Дінтанушылармен, имамдармен әңгімелесуден кейін радикалдар бұрынғы ойларынан бас тартып, өздері ерікті атанған фактілері көп. Терроризмге қарсы күресте біз шетелдік серіктестермен екіжақты және көпжақты негізде тығыз ынтымақтасамыз. Сондықтан ҰҚК қызметкерлері үшін терроризмге қарсы күрес –жұртқа көбіне байқала бермейтін қарқынды жұмыс", – деді ол.
Ұлттық қауіпсіздік органдарының дерегі бойынша, биыл террористік қылмыс жасағаны үшін 32 адам сотталып, тағы 23-і тергеліп жатыр. Діни радикалдар қатарынан шамамен 170 шетелдіктің елімізге кіруіне жол берілмеді.
Оның айтуынша, ТМД терроризмге қарсы орталығының, ШЫҰ өңірлік терроризмге қарсы құрылымының және басқа да алаңдардың қызметіне ҰҚК белсенді түрде қатысады.
"Алайда Қазақстанда терроризм қаупі жойылды деп айтуға әлі ерте. Бұл проблема барша әлемде, тиісінше біздің елімізде де ұзақ уақыт бойы өзекті болады", – деді Ермек Сағымбаев.
Ермек Сағымбаев таяуда мемлекет басшысына екі террористік актіге жол берілмегені туралы баяндама жасады.
"Ол бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған. Интернеттегі шетелдік содырлардың үгіт-насихатының ықпалымен мемлекеттік органдардың бірінің ғимаратында жарылыс жасамақ болған. Қолдан жарылғыш құрылғы жасауға арналған компоненттерді, соның ішінде жанғыш және өзге де химиялық қоспаларды, сондай-ақ зақымдау элементтерін – бұрандамалар мен шегелерді сатып алған. Тінту барысында оның үйінен дайын жарылғыш заттар салынған 4 ыдыс және террористік актіге дайындық фактісін дәлелдейтін басқа да айғақтар табылып, алынды.
Екінші террористік актінің шетелде жолы кесілді. ҰҚК жедел қызметкерлері жоспарланған акция туралы алғашқы мәліметтер алып, ол туралы шетел мемлекетінің тиісті қызметтеріне дереу хабар берілді. Бірлескен тексеру барысында материалдар расталып, теріс әрекеттің алды алынды", – деп түсіндірді Ермек Сағымбаев.
Еске салайық, бұған дейін Астана, Шымкент қалаларында және Атырау, Жамбыл облыстарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің прокуратурасы мен полиция бірлесіп діни радикалдардың әрекеттерінің жолын кесу бойынша іс-шара өткізді. Лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен бес азамат ұсталды.