Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бейжің Олимпиадасында Қазақстан командасының ту ұстаушылары Томирис патшайым мен батырдың киімін киіп шығады

Қазақстан командасының ту ұстаушылары, конькиші Екатерина Айдова мен шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында тарихи образбен бой көрсетпек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz басылымына сілтеме жасап. 

Олар Сақ патшайымы Томирис пен қазақ батырының кейпінде ел алдына шығады.

Команданың ту ұстаушылары киетін киімге негізінен қазақтың ұлттық ою-өрнегі "қошқар мүйіз" бейнеленген. Айта кетелік, өрнек элементтерін дизайнерлер Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайымен бірлесіп дайындады. Токио-2020 Олимпиадасында да осындай қадам жасалған болатын. Ал Жапониядағы жазғы ойындарға ту ұстаушылардың киімін тіккен дизайнер-модельер Виолетта Иванова Бейжің Олимпиадасы ту ұстаушыларының формасын да дайындады. 

"Ту ұстаушылардың костюмі өз елінің дәстүрі мен мәдениетін паш етеді, сондықтан, біздің басты мақсатымыз да осы болды. Қазақ халқының еркін рухын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай тарихынан артық ештеңе бейнелей алмайтыны анық. Қазақтың батырлары мен Томирис патшайымы туралы аңыздарды біз де, барша әлем де біледі. Костюмді дайындау кезінде осы бір қызықты оқиғаларды басты назарға алдым", - дейді дизайнер. 

Қазақстандық модельердің айтуынша, ойынның ашылу салтанатына арналған форманы дайындау қиынға соққан. Себебі, жұмыс кезінде климаттық ерекшеліктерді де ескеру қажет. 

"Өрнектің негізінде барша әлем халықтары ежелден құрметтейтін, ең мықты энергия көзі саналатын күн жатыр. Бұл тек мықтыларға – жеңімпаздарға бағытталған. Біздің басты батырларымыз – спортшылар, олимпиадашылар тәртіпке берік, мақсаты анық, өз армандарына сенімді қадам басқан, бала күнінен бері басты мақсатына жету үшін еңбектенген жандар", - деп атап өтті ол. 

Әйел адамға арналған костюм пальто және қолмен өрнектелген бірегей сәукеледен тұрады. Бұл костюмді қазақстандық шеберлер 3 ай бойы, әрбір сантиметрін өз қолымен дайындаған. Көптеген антикалық авторлардың шығармаларында кездескен әрі  мыңдаған жылдар бойы аңызға айналған Сақ патшайымы осы туындыға арқау болған. 

Әйел адам костюміндегі "қошқар мүйіз" өрнегі қоршаған ортамен үйлесім тапқан, өмірге талпынған, құнарлылық пен молшылықты бейнелейді. Ер адамның костюміндегі негізі элемент – қалқан ерлік пен батырлықтың символы. Екі костюмнің де астары терең. Басты түс болып қара және "жеңімпаздардың түсі" саналатын алтын түс таңдалды. Қара су жолбарысының жылы да есепке алынды. Өйткені, Олимпиаданың басталуы тап осы жылдың енуімен сәйкес келіп отыр. 

Қазақстандық атлеттер костюмнің толық көңілден шығатынын киімді өлшеген сәттен-ақ айтып келеді.

Еске салайық, Абзал Әжіғалиев екінші Олимпиада қатарынан еліміздің ту ұстаушысы атанып отыр. 

Талқылау