"Беташарда інімді қалыңдық қылып киіндірдік": Әзілкеш Елдос Кәдірханов үйлену тойындағы қызықты жайттарды айтып берді
Әзілкеш Елдос Кәдірханов жарымен қалай танысқанын айтты. Жайдарман арқылы көпшілікке таныс әзілкеш бүгінде танымал вайнер.
Бұл туралы "Той жыры" бағдарламасында айтылды.
Елдос бүгінде той асабасы. Одан бөлек желіде түрлі вайн түсіріп, көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Тіпті, анасы, әйелі үшеуі бірге отбасылық қызықты видеолар түсіруді әдетке айналдырған.
Елдос жары Таңшолпан Шотаевамен той әлемінде танысқанын айтты. Нақтырақ айтсақ, алдымен Таңшолпанның өзі Елдосты іздеп тапқан.
"Маған Таңшолпан той туралы хабарласып, желі арқылы қанша ақы сұрайтынымды сұрады. Ол әпкесінің өтінішімімен мені іздеп, той басқаруға ұсыныс айтты. Желіден суреттерін көріп көзім түсті. Кейін номерін сұрап сөйлесе бастадық", - дейді әзілкеш.
Бас-аяғы 1 айдың ішінде екі жас неке қиған. 14 кездесуден кейін Елдос үйлену туралы ниетін бірден айтқан екен.
"Маған қыз-жігіт болып жүрейік деп те, тұрмысқа шығасың ба деп те сұраған жоқ. Біз үйленеміз деп өз шешімін айтты. Тез арада үйлену тойын жасадық", - деді Таңшолпан.
Үйленгеніне үш жыл болса да, Елдос пен жары балалы бола қойған жоқ. Бұның өзі үлкен сынақ деп санайды.
"Бізді бала жағынан сынап тұр құдай. Бәріне көнеміз. Құдай қаласа бала да, басқа да бола жатар", - деді Елдос.
Танымал асаба өзінің өте қызғаншақ екенін айтып қалды. Үйде отырған әйеліне жиі қоңырау шалып, не істеп жатқанын біліп тұрамын дейді.
Әзілкеш той кезіндегі қызықты оқиғасын айтып өтті.
"Беташар кезінде Дәулет есімді інімді киіндіріп, бетін орамалмен жауып қойдық. Асаба беташар әнін айтып жатты. Інім сәлем салып қояды. Бір кезде қолын қатты шапалақтап қуанғанын білдірді. Сценарий бойынша күйеуге тигеніне қатты қуанған қалыңдықты сомдап шықты. Ел-жұрт қандай келін келді деп таңғалысты. Кейін әзіл екенін түсінді", - дейді ол.