Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Берік Тұрсынбеков: Бір-екі рет асылып өлмек болған кезімде әйелім көріп қалды

Алғаш "Шаншар" театрында өнер көрсетіп, кейін "Шымкент шоу" арқылы танылған актер Берік Тұрсынбеков қызықты оқиғаларын баяндады. Өмірдегі жеңісі мен жеңілісі, күйзелісі мен қиындықтары туралы айтты. Қыз үшін төбелескен кездерін еске алды. 

Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасында айтылды. 

Берік Тұрсынбеков мектепте тәртіпті бала қатарында болды. Үйде де тәртіп бұзбайтын бала болып өсті. Мұны ұстаздары мен бауырлары растайды. Гуманитарлық пәндерді жақсы оқыған. Абайдың өлеңдерін жақсы білген. Домбыра тартып, мектептің іс-шараларына белсене қатысыпты. 

"Мен өте тәртіпті оқушы болдым. Менен үлкен Серік деген ағам болды. Ол өте сотқар еді. Ауылдың бандиті десем де болады. Оны бұзықтығы үшін әкем үш күндеп үйден қуып жіберетін еді. Мен керісінше тәртіпті едім. Үйде інім мен қарындастарым бұзықтық жасаса, мен таяқ жейтінмін", - деп күледі актер. 

Берік Тұрсынбеков қыз үшін таласып, төбелескен кезін жасырмайды. 

"Бірде театрда жұмыс істеп жүргенімізде әнші қыз келді. Өзі әдемі еді. Жігіттердің бәрі жақсы көрді. Мен сөйлесіп жүрдім. Сөйтсем, ол бәрімен сөйлесіп жүр екен. Оның ешкімге сезімі жоқ. Адам болған соң араласып жүрген. Ал жігіттердің ойы басқа. Әнші жігіт бар еді. Сол екеуміз әнші қызға таласып төбелестік. Бір-біріміздің көзімізді көгерттік. Өзіміз ішімдік ішіп алғанбыз. Кейін достасып кеттік", - дейді әзілкеш. 



Тұрсынбеков 33 жасында күйзеліске түсіп, қиындыққа тап болады. Оған не себеп болғанын өзі де әлі күнге дейін білмей дал.

"Берік ауыр күндерді бастан кешті. Отбасы да, әріптестері де білген жоқ. Өте қиналды. Оған не себеп болғанын сол күйі білмей кеттім. Ол туралы айтпайды. Мен қатты қорықтым. Тіпті шифонердің, үйдің есігін ашып қалсам, Берік асылып тұратын секілді болатын. Ол кезеңнен өттік. Қайтып келмесе екен деймін. Елдің сөзі, өсегі әсер еткен шығар деп ойлаймын", - деді әйелі Қарлығаш. 

Тұрсынбековтің айтуынша, күйзеліске түскен жылдары әйелі өзінің асылып тұрғанын 1-2 рет көріп қалған. Содан шошынып қалған дейді ол. 

"Мен бала күнімнен өз-өзіммен сөйлесіп жүретін адаммын. Ел мені жынды деп ойлайтын. Қазір ойласам, құдаймен сөйлеседі екенмін. Оны көріп тұрғандай сөйлесемін. Бір уақыттарда құдаймен байланысым үзіліп қалды. Сол кездері қиындыққа түстім. Арақтың да әсері бар. Шайтан азғырды. Өлсем құдай кешіреді деп ойладым. Құдаймен бетпе-бет сөйлескім келді. Қазір ойласам, оның бәрі үшін ұяламын. Егер мен мектептегі алғашқы махаббатыма, не басқа қызға үйленсем, сол кезде жалғыз қалар ма едім. Бірақ Қарлығаш менің қасымда болды. Мені қолдады. Көмектесті. Әйтеуір со тығырықтан алып шықты", - дейді актер

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр