"Бишімбаев 68 жасында түрмеден шығады": Марқұм Салтанат Нүкенованың әкесі мен ағасы сот үкіміне қатысты пікір білдірді (видео)
13 мамырда әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Бұрынғы ұлттық экономика министрі 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сот үкіміне қанағаттанатынын айтты.
“Сіздер сот процесінде көрсетілген дүниелерді көрмегендеріңіз үшін бақыттысыздар. Ал алқабилер оның бәрін зерттеуге, бәрін қарауға мәжбүр болды. Олар қоғам алдындағы, заң алдындағы міндеттерін орындап, осындай шешімдер қабылдады. Алқабилерге шын жүректен алғыс айтамын”, – деді Айтбек.
Сондай-ақ Айтбек Амангелді Бишімбаевқа шығарылған үкім өмір бойына бас бостандығынан айырылумен тең екенін жеткізді.
“Бұл үкім өмір бойына бас бостандығынан айырылумен тең. Себебі Бишімбаев 24 жылдан кейін 68 жасқа толады”, – деді Айтбек.
Ал марқұм Салтанаттың әкесі Амангелді Нүкенов Бишімбаевтың үкімімен келісетінін, ал Байжановқа аз жыл бергенін айтты.
“Бишімбаевқа қатысты үкім қанағаттанарлық. Ал Байжановқа 4 жыл емес, 10 жыл беруі керек еді. Солай дұрыс болар еді. Төрт жыл аз. Сотта көп нәрсені ашық айтпады”, – деді Нүкенов.
Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев соңғы сот отырысында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.
Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысында судья шешім шығару үшін құрылған сұрақтарды алқабилерге оқыған еді. Алқабилерге арналған сұрақтар тізімінде 13 сұрақ болды. Оның 10-ы Бишімбаевқа қатысты, 3-і Байжановқа қатысты болған. Осыдан кейін алқабилер дауыс беру және үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне жіберілген еді.
Алқабилер тарапына қойылған сұрақтарға мыналар кірді:
- Салтанат Нүкенованың 2022 жылдың 16 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 9 қарашасына дейін денесінің және басының әр жерінен үнемі ұрып-соғу арқылы физикалық азап шеккені, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлай отырып, моральдық азап шеккені дәлелденді ме?
- Бұл әрекетті Қуандық Бишімбаев жасағаны дәлелденді ме?
- Бұл әрекетке Бишімбаев кінәлі ме?
- Жәбірленуші (Салтанат Нүкенова) Қуандық Бишімбаевпен бірге тұрған кезден бастап өз бетінше ақша табуды тоқтатып, материалдық тәуелділікте болғаны дәлелденді ме?
- Салтанат Нүкенованың Bau мейрамханасында бас-ми жарақаты субдуралды гематома салдарынан көз жұмғаны дәлелденді ме?
- Салтанат Нүкеноваға әдейілеп бірнеше рет соққы жасалғаны дәлелденді ме? Соққыны сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?
Сондай-ақ Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі 13 мамырда сағат 17:00-де шығатыны хабарланған еді.