Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баян Алагөзова Алматыдағы президент резиденциясын балалар орталығына айналдыруды ұсынды

Баян Алагөзова ел басшылығына ерекше ұсыныс тастады. Продюсер Алматыда өртке оранған президент резиденциясын балаларға арналған шығармашылық орталыққа айналдыруды ұсынды. Айтуынша, қаңырап бос тұрған резиденцияны ұстаудың өзі бюджетке артық шығын. Оның орнына балалар түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылықпен айналысар еді дейді продюсер. Бұл туралы Баян Мақсатқызы Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Күн сайын Фурманов көшесімен өтіп бара жатып, кешіріңіздер, бұрынғы әдет бойынша көпшілік бұл көшені солай атайды, президент резиденциясы неге еш іске жарамайды деп ойланушы едім. Үлкен ғимарат, оны жарықтандыру, жылыту, ондаған жылдар бойы күзету не үшін керек?" – деді Алагөзова. 

Продюсер өзінің бала кезін еске алды. Айтуынша, ол Сейфуллин-Калинин (авт. – қазіргі Қабанбай батыр) көшелерінің қиылысында орналасқан "пионерлер үйінде" түрлі үйірмелерге қатысқан. Шығармашылықпен айналысып, бос уақыты болмаған. 

"Биге, мүсіндеуге, хорға бардым. Көптеген балалар баратын. Біздің расында бос уақытымыз болмайтын, есесіне мәдениет болды. Оқу, даму, ұмтылуға деген тегін мүмкіндігіміз болды. Кейін оны бұзып, орнына қонақүй соғылды. Осы оқ өтпейтін қақпаны балаларға ашатын уақыт келген шығар?!

Үлкен шығармашылық орталық ашып, мамандарды шақырып, осылайша балаларды гаджетте отыруға емес, шығармашылықтың түр-түрімен айналысуға қызықтырсақ", – деді Баян Мақсатқызы. 
Продюсердің пайымынша, шығын мемлекеттік бюджеттен өтелсе, игі. 

"Мүмкін, менің ұсынысым шындыққа жанаспайтын шығар. Бірақ неге болмасқа? Соңғы оқиғалар мәдениет пен білім саласын қаншалықты жіберіп алғанымызды көрсетті. Бүгін президент қираған нысандардың бәрін қалыпқа келтіру, қаламызды бұрынғыдан да ажарландыра түсу туралы тапсырма берді. Бұл деген керемет. Бірақ қақпа үнемі жабық тұрса, ал күзет тәулік бойы елес-ғимаратты күзететін болса, оны қалыпқа келтірудің не қажеті бар?" –  деді Алагөзова. 

Желі қолданушыларының басым дені продюсердің бастамасын қолдады. Қарапайым халық қаладағы ақылы үйірмелерге балаларын бере алмайтынын, оны қалталары көтермейтінін атап өтті. 

 

Талқылау