Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда мұғалімдерге 250 миллион теңгеден аса тиісті үстемақы төленбеген

Батыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мониторингі барысында Сырым ауданының педагогтеріне 259 миллион теңге сомалық белгіленген міндетті үстемақы төлемеу фактілерін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, азаматтық мекемелер, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес ерекше еңбек жағдайы үшін лауазымдық жалақының 10% мөлшерінде үстемақы төленуі қажет еді. 

"Алайда 2020-2023 оқу жылы бойынша Сырым ауданының білім бөлімі 26 оқу орнының 1 195 қызметкеріне лауазымдық жалақының 10% мөлшерінде ерекше еңбек жағдайы үшін үстемақы төлемеген. Жалпы сомасы 259 миллион теңгені құрап отыр, – деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.



Департаменттің араласуынан кейін Сырым ауданының білім бөлімі тарифтеу тізіміне өзгерістер енгізіп, жалақыны қайта есептеді. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды.

Еске салайық, Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу мәліметтері бойынша күдікті тұлғалар 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша аударып, мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 миллиард теңге жымқырған. Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың төртеуі қамауға алынды.

Талқылау