"Басында және арқасында жарақат бар": Алматыда көз жұмған 16 жастағы Адельдің жақындары кінәлілерді жазалауды сұрайды
2022 жылдың мамырында көз жұмған Адель Мақанованың ата-анасы қыздарының өліміне кінәлілерді жазалауды сұрайды. Олар Адель өзіне қол салды дегенге сенбейді. Сөздерінше, қыздың денесінде соққы іздері болған, бірақ істі жауып тастапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамырда ата-анасы қыздарын асылып қалған жерінен тапқан. Жасөспірім Алматыдағы физика-математикалық мектепте оқыған. Ата-анасының сөзінше, қызы түнгі уақытта пәтерден шығып кетіпті. Көзілдірігін де қалдырып кеткен екен. Ал бір сағаттан кейін мәйітін тапқан.
"Бірінші сот сараптамасы басында жарақат іздері бар екенін көрсетті. Арқасындағы жарақатын өзі салуы мүмкін емес. Арқасын өзі жарақаттай алмайды. Мидың маңдай бөлігіне қан құйылған", – дейді анасы Айнагүл Бейісова.
Анасының айтуынша, полиция қызының ұялы телефонындағы мәліметтерді өшіріп тастаған. Сондықтан түнде Адельді аулаға кімнің шақырғаны белгісіз. Ал сараптама кезінде қыздарының мойнынан жіпті шешкен ата-анасының да ДНҚ-сы табылмапты. Куәгер соққы дауысын естігенін айтады. Ал екінші адам қыздың жанында екі ер адамның болғанын көрген, бірақ кейін бұл сөздерінен бас тартыпты.
"Қыз асылып қалған жіпті күрделі әдіспен байлаған. Мұны жасөспірім түнгі уақытта дайындай алмайды. Тергеуші бастапқыда куәгерлердің берген жауабы өтірік екенін қалай анықтағанын айта алмады", – дейді заңгер Ғалия Дүйсембаева.
Шілдеде соңғы сараптамадан кейін полиция істі жауып, мұрағатқа жіберген.