"Бас шыршаның жанына жарылғыш зат қойған": Қырғызстанда екі жасөспірім теракт пен қарулы шабуыл жасамақ болған
Қырғызстанның Джалал-Абад қаласында "Ислам мемлекеті – Вилаят Хорасан" халықаралық лаңкестік ұйымының кәмелетке толмаған екі мүшесі ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Қырғызстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитетінен
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің мәліметінше, ұйымға 16 жастағы жасөспірімдер интернет арқылы қабылданған.
"Шетелдік эмиссарлардың нұсқауымен олар Джалал-Абад қаласының орталық алаңындағы бас шыршаның жанына қолдан жасалған жарылғыш зат қойып, Әулие Марияның Успен шіркеуіне лаңкестік әрекет пен қарулы шабуыл ұйымдастыруды жоспарлаған", - делінген Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарламасында.
Тәркіленген мобильді құрылғыларды тексеру кезінде лаңкестік әрекетті дайындаудың бұлтартпас айғақтары, эмиссарлармен хат алмасу, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жасау бойынша іс-шаралар жоспары мен нұсқаулығы, сондай-ақ "Ислам мемлекеті – Хорасан вилаяты" лаңкестік ұйымының басшысына ант беру бейнежазбалары анықталды.
Аталған факті бойынша Қырғыз Республикасы қылмыстық кодексінің 252-бабының 1-бөлігі (Терроризм актісі) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар кәмелетке толмағандарға арналған уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың Қырғызстан аумағында қылмыстық байланыстарын анықтау шаралары жүргізілуде.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
