Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокуратура үстінен қылмыстық іс қозғалған Самат Әбішті қамауға алуға негіз жоқ екенін мәлімдеді

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Аталған қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасы өзгертілген жоқ. Оны өзгертуге негіз жоқ. Оның ешқайда кетпеу жөніндегі бұлтартпау шарасы өз күшінде. Істі Бас прокуратураның арнайы прокурорлары тергеп жатыр", – деді Өмірәлиев мәжіліс кулуарында. 

Еске салайық, қыркүйекте ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің үстінен "Қаңтар оқиғасы" кезінде билігін және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Бұған дейін ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдегені туралы жазған едік. 

Бастапқыда Самат Әбіш ҰҚК-нің ұсталған бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер болған. Өткен жылдың шілде айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті одан куәгер ретінде жауап алынғанын, алайда Әбішке қатысты қылмыстық істер ұлттық қауіпсіздік органдарымен тіркелмегенін, бұлтартпау шарасы қолданылмағанын хабарлады.

Биыл қаңтарда бас прокурор Берік Асылов Әбіштің комитет басшылығына қарсы іс бойынша жай ғана куәгер болғанын мәлімдеген еді.

Талқылау