Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Спорттың арқасында кедейліктен құтылдым": Қазақстандық ер азамат 13 млн теңгені несиеге алып, балаларға тегін стадион салып берді

Жастардың болашағына бүгіннен алаңдаған Арман Машимов есімді Семей қаласының тұрғыны игі ісімен талайды таңдай қақтырып отыр. Ол осыдан үш жыл бұрын өз қаржысына балаларға арнап шағын стадион салып, футбол командасын құрған әрі тегін жаттығуға мүмкіндік берген. Аталған спорттық нысанды тұрғызу үшін қомақты несие алған азамат қарызынан құтылды ма? Жас өрендердің келешегі үшін қам жеген кәсіпкердің көздегені не? Семейлік кәсіпкермен Stan.kz тілшісі сұхбаттасты.          

стадион

Семейдегі шағын стадион нағыз жомарт жанның бастамасымен іске асқан нысан. Арман Машимов есімді кәсіпкер жас өскіндер өз уақытын тиімді өткізу үшін спорттық алаңқайды ашып, олардың тегін жаттығуына мүмкіндік беріп отыр.

«Мен қаланың ең қолайсыз ауданында өстім. Менің түсінігімде балалар өз уақытын босқа өткізбеу керек. Балаларды қадағаламаса, олар көп уақытын тиімсіз нәрселерге жұмсайды.  2017 жылы қалада жасөспірімдер арасында кезекті оқиға туындаған кезде, бұл мәселені шешу керектігін түсіндім. Сол сәтте балаларға арналған спорттық алаң ашу туралы ұсынысымды өзімнің сыныптастарым мен мектеп түлектеріне айттым. Жоспарымыз жүзеге асып, шағын стадион салдық. Кейін балалар тегін жаттығатын футбол мектебін аштым», - дейді Арман Машимов.  

стадион

Арманның бастамасымен салынған шағын стадион Семейдегі «Шығыс» кентінде орналасқан. Футбол мектебінде 150-ден астам шәкірт тәжірибесін шыңдауда. Аздаған уақыт ішінде болашақ аяқ доп шеберлерінің жеткен жетістіктері де жоқ емес. «Восток Семей» деп аталатын команда қалалық чемпионаттарда топ жарып жүрген көрінеді. Айта кетерлігі, жастардың игілігі үшін қызмет еткен Арман мырза, бұл жобаны жүзеге асыру жолында қомақты несие алудан да қаймықпаған.

«Стадион мен футбол командасын ашу үшін 13 миллион теңге несие алдым. Егер мен стадионды ашу үшін алған несиені жапқан болсам, қазіргі таңда футбол академиясының құрылысын бастап кетер едім. Өкінішке орай, бүгінде несиені жабу мүмкін болмай тұр. Өйткені, стадионның жұмыстарына біз ойлағаннан да көп қаржы жұмсадық», - дейді семейлік кәсіпкер.

стадион

Арманның балалық шағы да қиындыққа толы болған көрінеді. Бірақ қаршадайынан елгезек өскен бала ата-анасына көп салмақ салмапты.  

«90-жылдардың басында КСРО ыдырағаннан кейін, халықтың барлығы дерлік қиын жағдайға түсті. Жұмыс жоқ, тиісінше ақша да болған жоқ. Ол кезде ата-аналарымыз зейнетке шыққан болатын. Олардың зейнетақысы 2 500 теңгенің көлемінде болды. 1996 жылы орта мектепті аяқтап, институттың экономика және қаржы факультетінің бюджеттік бөліміне түстім. Мен оқу ақысын төлемесем де, шығындар да жеткілікті еді. Бақытымызға орай, шәкіртақымызды алып ата-анамызға да көмектестік. Әрине, жағдаймыз нашар болды. Нан мен ең арзан макаронды алып, оған магги сорпасын қосатынбыз. Бір маггиді бірнеше бөлікке бөлетінбіз. Жаз мезгілінде бау-бақшадағы көкөністерді кәдемізге жараттық. Осындай қиын жағдайда оқыдық. Шындығында, біз сол уақытта апатты үйде тұрдық. Даладағы жаңбыр үйге де кіріп кететін. Дәл осындай жағдайда емтиханға дайындалатынмын», - дейді Машимов.   

стадион

Арман Машимовтың ендігі жоспары – футбол академиясын ашу! Көп балалы отбасылар және жағдайы төмен жанұялардан шыққан ұл-қыздарға жәрдемін аямаған азаматтың ұстанымы – адамдық пен адалдық!

«Менің өмірлік қағидам – ата-анам менімен мақтанса және келешекте балаларымның алдында жүзім ашық болғанын қалаймын. Мен өзімнің отбасыма, сүйікті ісіме және туған еліме адал жанмын. Бұл менің өмірімдегі ең басты құндылықтар деп ойлаймын», - дейді Арман. 

Талқылау