Баланың оқуына ақша жинайтын "Келешек" жинақтау жүйесі экономикаға қалай әсер етеді - Сарапшылар жауап берді
Сарапшылар "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі Қазақстан экономикасына оң әсерін тигізетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ел басшысы Тоқаевтың жолдауда айтқан жинақтау жүйесін сарапшылар қолдауда. Айтуынша, бұл балалардың білім алу мүмкіндігін арттырады.
Нұркен Күзембаев – бес баланың әкесі. Ең үлкені он бес жаста, ал ең кішісі небәрі екі жаста. Ер адамды олардың білімі алаңдатып отыр. Себебі гранттар бәріне бірдей жеткілікті емес, ал оқу бағасы күннен-күнге өседі.
“Мұнда баланың қай жерде және қалай оқитыны маңызды. Осыған байланысты әр балаға депозит ашамыз және баланың жақсы университетке түсуіне ақырындап ақша жинаймыз”, – деді ПМПУ гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Нүркен Күзембаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бес жастан бастап балалардың оқуына ақша жинауды ұсынды. Ол үшін "Келешек" атты арнайы бағдарламаны іске қосуды тапсырды.
“Бес жастан бастап балаларды қамтитын "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарлама мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын, мемлекеттік сыйлықақыны жыл сайын төлеуді, инвестициялық табысты көздеуге тиіс. Бұл жинақтар "Ұлттық қор – балаларға" жобасы шеңберінде қалыптастырылған қаражатпен бірге оларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мамандар бұл әлемдік тәжірибе дейді. Көптеген елдерде бұл бастама жеке азаматтардың игілігі үшін ғана емес, жалпы экономика үшін де сәтті жұмыс істейді. Мәселен, осы тәжірибемен Сингапур үшінші әлем елдерінен бірінші әлем еліне айналды.
“Жапония, Корея, Сингапур елдері білімге басты назар қойды. Соның арқасында дамыған елге айналды”, – деді қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының бас директоры Жаңыбек Айғазин.