"Баламның аппақ жейдесі қызыл қанға боялып жатты": Алматы облысында 3-сынып оқушысын көлік қағып өлтірген
Алматы облысы Іле ауданына қарасты Қосөзен ауылында бастауыш сынып оқушысы мектептен қайтып келе жатып көлік қағып қайтыс болған. Осы мектепке баратын жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жоқтығын ата-аналар мектеп әкімшілігіне қайғылы оқиғаға дейін сан рет айтқан екен, алайда ол тротуардың жұмыстары енді басталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Сөздің шыны керек бағдарламасына сілтеме беріп хабарлайды.
Мырзахмет Ерасыл енді ғана 3-сыныпқа барса да, қатарының алды, үздік оқитын зерек балалардың бірі болған екен
“Күн сайын 10 балл алдым деп қуана қайтатын ұлымды мектептен алып кетуге бес минут қана кешіккен едім. Баламның аппақ жейдесі қызыл қанға боялып жатты. Оқиға орнында өлген. Тормозды басудың орнына газды басып жіберген. Ата-аналар жиналып, қанша рет айттық бір баланы қағады ғой деп”, – дейді Әсемгүл Қоманова.
Осы мектепке баратын жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жоқтығын ата-аналар мектеп әкімшілігіне айтқан.
10 қыркүйекте Ерасылды мектепке барар жолда саяжайға 200 метр қалғанда көлік қағып, бүлдіршін ауруханаға жетпей қайтыс болды. Көлік рөлінде осы мектептің мұғалімі отырған екен.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Мақсатжан Төрегелдиев ол мұғалімнің қазір еңбек демалысында екенін айтады.
“Штатта бар, бірақ 10 қыркүйектен бастап ақысыз еңбек демалысына шығардым. Мен оны жұмыстан шығарып тастай алмаймын ғой. Тергеу жүріп жатыр, тергеуде. Мектепте емес”, – дейді ол.
Қазір Ерасыл оқыған мектепке арнайы екі автобус бөлініп, оқушылар тасымалданып жатыр. Тротуардың жұмысы да басталған.
Алайда Мақсатжан Төрегелдиев бұл бала өлімінен соң ғана басталған шаруа емес дейді.
Әсемгүл Қоманова сегіз күннің ішінде екі бірдей жақынынан айырылған. Немересінің өліміне шыдай алмаған Әсемгүлдің анасы Ерасылдың өлімінен кейін жеті күннен соң көз жұмған.
Қаралы ананың айтуынша, ұлының қазасынан кейін ғана автобус табылып, жолы жасалып жатыр. Ертерек қимылдағанда бұл жағдай да болмас еді дейді.
"Иттен қорқып, жолға шығып кеткен": Алматы облысында жүк көлігі мектеп оқушысын қағып өлтірді