Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Балам ұрды деп шағымданған”: 4 жасар Хантөренің өлімі туралы туған әкесі айтып берді

Анасының азаматтық некедегі күйеуінен таяқ жеп, көз жұмған 4 жасар Хантөренің туған әкесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Немолчи" қорына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеодан алынды

Ауыр жарақат алған баланың жағдайы бөбекжайда күрт нашарлап, ауруханадан бір-ақ шыққан. Іш құрылысы зақымданған баланың соңғы демі төрт күннен кейін жансақтау бөлімінде үзілді.

Хантөренің әкесі бұрынғы әйеліне баланың таяқ жеп жүргенін ескерткен, тіпті баланы анасына апармай қойған. Алайда полицияға арыз жазып, анасы баланы қайтарып алыпты. 

“Балам “Әке, Дархан аға мені ұрады” деп жылап жіберді. Үйге келгенде де шағымданатын. Баламның Дарханның ұрғаны туралы айтқан видеосы да бар. Мен бұрынғы әйеліме хабарласып, Хантөрені сендерге апармаймын, оны Дархан ұрады екен, менің жанымда қалсын деп айтқанмын. Жиырма минуттан кейін полицей хабарласып, атыма баланы ұрлап кетті деп арыз түскенін айтты”, – дейді Хантөренің әкесі. 


“Қызымның кінәсі жоқ”: Алматыда кісі қолынан көз жұмған 4 жасар баланың әжесі жағдайды түсіндірді


Хантөренің әкесі балабақша мұғалімері де баланы қабылдап алғанын, жедел жәрдем шақырмағанын айтты.

"Сол күні Дархан баламды балабақшаға алып келді. Бетінің барлығы көгерген еді. Не болды деген кезде жай құлап қалды деп айтты. Тәрбиешілер баланы қабылдап алған. Бұл жерде балабақшаның да кінәсі бар. Олар жедел жәрдем шақырып, Дарханның кетуіне жол бермеуі керек еді, полиция шақыру керек еді. Артынша балам қан құсқан. Олар қан құсып жатса да жедел жәрдем шақырмады. Жатқызып, анасына хабарласқан. Мұның барлығын білген кезде полиция шақырып, арыз жаздым”, – дейді Хантөренің әкесі. 

Хантөренің әкесі жәбірленуші ретінде іске қатысқан. Бірақ тергеуші оған адвокат алу немесе мемлекеттік қорғаушы тағайындау құқығы туралы хабарламаған. Қазір тергеушіні жауапқа тарту бойынша жұмыс істеліп жатқан көрінеді. 

Еске салсақ, сұмдық жайт өткен аптада болған. Төрт жасар Хантөрені анасы азаматтық некедегі күйеуіне қалдырып жұмысқа кеткен. Сол уақытта жас жігіт бүлдіршінді соққыға жығып, балабақшаға апарып тастаған. Ауыр жарақат алған баланың жағдайы бөбекжайда күрт нашарлап, ауруханадан бір-ақ шыққан. Іш құрылысы зақымданған бала төрт күннен кейін жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Талқылау