Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балам толық жазылмайынша, кешірім бермеймін": Пенжім мектебіндегі төбелестен ауруханаға түскен баланың анасы мәлімдеме жасады

Пенжім мектебіндегі төбелестен ауруханаға түскен баланың анасы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Күлшаш Серікбаева

Бүгін жансақтау бөлімінде жатқан 16 жастағы жеткіншектің жағдайы оңалып, жалпы палатаға ауыстырылды. Ал арнайы құрылған штаб ауылда түсіндіру жұмысына қызу кіріскен. Күлшаш Серікбаева екі күннен бері ауруханың алдын торып жүр. Ұлы Нұрболдың басына ота жасалғанда өзін қоярға жер таппады. Бес баланың кенжесі мұндай төбелестерге осыған дейін қатысы болмаған дейді анасы. Ал оны осындай күйге түскенше, тепкілегендерді кешіруге әзір дайын емес. 

"Мұндай төбелеске қатысып көрген емес. Осыған қалай кіріп кеткен  көпшіліктің арасына. Екі жақ бір-бірімен татуластық. Келіп жатыр олар. Оларға өкпем жоқ. Бірақ балам аяғынан тік тұрып, қалпына келгенше мен ешкімге кешірім бермеймін. Балам аяғынан тұрсын. Одан кейінгі емі қалай болады? Соны көремін. Басына ота жасалып отыр. Басына пластмасс салынып жатқан бала. Сол үшін", - дейді жәбірленушінің анасы Күлшаш Серікбаева.

10-сынып оқушысы Нұрболдың беті бүгін бері қарады. Ақ халаттылар соққыдан ұйып қалған қанды басын тіліп шығарған. Жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылуы жақындарының көңіліне медеу болды. Дәрігерлер жағдайы қалыпты, жазылуға бет бұрды дейді. 

"Бүгін жалпы тексеріс болып, жағдайының бір қалыпқа келгенін ескердік. Жарақатты емдейтін бөлімге ауыстырылды. Жағдайы бір қалыпты. Есін анық біледі. Тамақты өзі ішіп жатыр. Әңгімелесіп жатыр. Жалпы мұндай науқас кемінде екі апта жату керек. Қанша дегенмен ота болды. Миы шайқалды,  соғылу белгілері бар. Сондан кейін үйіне шығарылады. Үйіне шыққан соң қалпына келтіру емі еезең-кезеңімен болады", - дейді Панфилов ауданы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Ерболат Бегембеков.

Пенжімдегі оқушылар төбелесінен соң кеше құрылған штабтың жұмысы бүгін жанданды. Ауылдағы мыңнан астам бала оқитын жалғыз мектепте түсіндіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Мұғалімдер тәртіпке қатысты әңгімені сабақтан тыс уақытта да жүргізеді. 

"Қазір мектеп оқушылары қалыпты жағдайда сабақ оқып жатыр. Сынып жетекшілері мектеп психологымен бірлесіп әр сыныпта түсініктеме жұмысын еезең-кезеңімен жүргізеді. Сабақтан тыс уақытта кесте құрылған. Кестемен оқушылар шақырылып, қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір оқушылар арасында ондай кикілжің жоқ. Барлығы бір-бірінен кешірім сұрады. Балалардың қарым-қатынасы қазір жақсы", - дейді А.Розыбакиев атындағы мектеп директорының орынбасары Нәзира Қалыбаева.

Екі күн бұрын оқушылар арасындағы төбелестен соң, жаппай текетірес ауыл жастары арасында жалғасқан болатын. Сынған терезе, бүлінген көліктер бар. Осы оқиғаға қатысы барлардың бәрі қазір іздестіріліп жатыр. Тергеу амалдары басталып кеткен. Ал ауылдағы тәртіпті полиция бақылауда әлі ұстап отыр.

Талқылау