Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Azerbaijan Airlines ұшағының қара жәшік деректері желіде жарияланған нұсқадан өзгеше – Бозымбаев

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы ұшағының қара жәшігіндегі интернетке тараған диалог шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Вице-премьердің айтуынша, қара жәшіктегі әңгімені анықтау жұмыстарына Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан және Бразилия сарапшылары қатысқан.

"Барлық сарапшыға бірдей қолжетімділік берілді. Интернетте тараған расшифровканы тыңдадым. Бұл негізінен жердегі диспетчерлермен сөйлесулерге ұқсайды. Экипаж мүшелерінің сөйлескені жазылмаған сияқты. Қара жәшіктерде капитан, пилот және экипаж мүшелерінің барлық әңгімесі бар. Сондықтан бұл біздің тергеу тобымыздан тараған ақпарат емес деп ойлаймын", – деді Бозымбаев.

Вице-премьер интернетке тараған жазбаның қара жәшіктердің мазмұнынан қатты ерекшеленетінін атап өтті.

"Егер біз бұл ақпаратты қара жәшіктердің шынайы деректерінің "таралып кеткен" нұсқасы деп қарастырмасақ, онда ақпараттың қайдан тарағанын іздеудің қажеті жоқ. Интернетте жарияланған нәрсенің бәрі шындық емес. Сондықтан ресми дереккөздерді күтіңіздер", – деді ол.

Оның айтуынша, ұшақтағы қара жәшіктер тергеліп жатыр.

"Ақтаудағы ангарда ұшақтың сынықтары бар, оларды да тиісті халықаралық сарапшылар зерттеп жатыр. Олар өз қорытындыларын береді. Ал қара жәшіктердің расшифровка материалдары әуе апатын тексеру тобының қарауында. Олар не болғанын, қалай болғанын, экипаждың кәсібилігін және жерден берілген командаларды анықтайды. Бұл материалдардың жариялануы көп болжамды жояды деп ойлаймын", – деді Бозымбаев.

Айта кетейік, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау әуежайынан үш шақырым жерде Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясының Embraer ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы конвенциясына сәйкес, апатты зерттеуді Қазақстан басқарады. Тергеуге Әзірбайжан, Ресей, халықаралық сарапшылар және Embraer компаниясының өкілдері қатысып жатыр. Қара жәшіктер тәркіленіп, оны халықаралық сарапшылар анықтап жатыр.

Әзірбайжандық БАҚ, сондай-ақ Euronews пен Reuters, катастрофаның себептері ретінде ресейлік әуе қорғаныс жүйелерінің ықтимал әсері туралы нұсқаны талқылады.

Кейін 28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде болғанына байланысты кешірім сұрады. Қаза тапқандардың отбасыларына тағы да шынайы көңіл айтып, зардап шеккендерге тезірек сауығуды тіледі. 29 желтоқсанда Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев азаматтық ұшақ Ресей аумағында Грозный маңында сыртқы зақым алғанын, салдарынан басқарылмай қалғанын мәлімдеді. 



Еске салайық, бұған дейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшқыштар мен диспетчерлердің соңғы диалогы пайда болғанын жаздық. Аудиода Грозныйға қонбау, Махачкалаға ұшпау, одан кейін Бакуге қайтып оралу, соның нәтижесінде Ақтауға ұшу туралы барлық шешімді Әзірбайжан әуе жолдарының экипажы дербес қабылдағаны естіледі. Диспетчерлер әуелі Грозныйға, сосын Махачкалаға қонуды ұсынып, экипажға Ресейдің басқа әуежайлары туралы ақпарат берді, бірақ экипаж бұл жерге қонбауды ұйғарды. Оның үстіне жазбалардан құстармен соқтығысу, борттағы жарылған газ баллоны туралы нұсқаны ұшақ экипажы диспетчерлермен сөйлесіп жатқан кезінде айтқаны белгілі болды.

Талқылау