Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелсіз күнім қараң": Сәкен Майғазиев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтты

Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтып, әйелдерді құрметтеуге үндеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “1001” түн бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өнер иесінің айтуынша, араласатын ер-азаматтардың 80 пайызы әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста екен.

“Менің Шарапат деген көмекшім бар. Бір күні қызым Раянаны балабақшадан алып келе жатса, жолда мас жігіт ақша сұрапты. Сосын ол “ақша берсем, ішіп қоясың, онсыз да ішетін жерің қалмапты” деп ақша бермей қояды. Машинаның артында отырған қызымның ақша бермегеніне жүрегі ауырып қалыпты. “Тағы да арақ ішіп алып, отбасын ойрандап жүреді, мас адамдарға ақша бермеген дұрыс” деп түсіндіріп жатса, қызым: “Мас деген кім, арақ деген не?” деп сұрапты. Сонда осы күнге дейін арақ пен мас адам туралы естімеген. Оны көріп тәубама келдім. Зиян нәрселердің білмей өсіп жатқанына қуандым. Жас күнімізде мас болған, сыралатқан кезіміз болған шығар. Мойындаймын оны да. Қыз-қырқынның ортасында жүрдік. Бірақ үш қызым дүниеге келгесін, ондай дүниелердің бәрін тоқтаттым. Жасымыз да жігіт ағасына келіп қалды”, – дейді әнші.

Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамда кең етек алуы да өнер иесін алаңдатады.

“Менің өмірімді өзгерткен нәрсе – қыздарымның дүниеге келгені. Ертең осыларға үлгілі әке болып, өзіміз секілді жар таңдаса деген ниет бар. Айналамдағы ер-азаматтардың дені отбасымен жақсы қарым-қатынаста екенін жақсы білемін. Әйелге қол көтеретін еркек алдымен өзінің анасы, әпкесі, қызы, қарындасы екенін түсінсе екен деймін. Менің әйелімсіз күнім қараң. Осы күнге дейін әйеліме дауыс көтеріп, қол тигізген емеспін. Сосын да көп жерлерге өзіммен ертіп жүремін. Басқа азаматтарға үлгі болса, әйелді тек үй тірлігіне жұмсамай, жарқыратып жанында ертіп жүрсе, керемет емес пе?! Қазір қарындастарымыз бен інілеріміздің: “Күйеуге шықпай-ақ та өмір сүруге болады” және “Әйелсіз де өмір жалғасады” деген сөздерін естіп шошып жүрмін. Бұл – теріс әрі қате ұғым. Мен мұндай сөзбен мүлдем келіспеймін. Өмірдің мәні – отбасын құру, жар бақытын сезіну”, – деп ойын айтты.

Еске салайық, экс-министрдің әйелін өлтірген оқиғасы қоғамды дүр сілкіндіріп, өнер адамдарының да пікір білдіргенін жазған болатынбыз. 

Талқылау