"Әйелінің түрі ұсқынсыз, Қайратпен ажырасқан": Әбдукәрімова ел арасындағы қауесеттер жайлы
Ел арасында Қайрат Нұртас жұбайы Жұлдызбен екіге айырылды деген әңгіменің тарағанына біраз болды. Қайраттың анасы әлдеқашан бұл сұрақтың нүктесін қойса да, тамыры тереңге жайылған қауесет әлі күнге дейін Айдарбековтер отбасына маза берер емес. Жұлдыз Әбдукәрімова өзіне, отбасына қатысты айтылған қауесеттер жайлы "Алматы" арнасының Paparazzi бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.
"Бұл әуел бастан келе жатқан қауесеттер. Біз туралы өсектер болған, болады да. Шаңырақ көтерген күннен бастап бізді "ажырасып кеткен, әйелінің түрі ұсқынсыз, басқа жақта тұрады" деп көп айтатын. Бірақ мен ешкімге ешнәрсе айтқан жоқпын, шыдадым. Қазірдің өзінде біз туралы айтып жатқандар көп", – дейді Жұлдыз.
Әбдукәрімова отбасылық өмірінде барлығы жақсы екенін айтады. Ол қандай да бір өзгерістер болса, өзі хабарлайтынын жеткізді.
"Жеке өміріме байланысты жаңалықтар болып жатса, ресми түрде өзімнің парақшамда хабарлайтын боламын. Ал дәл қазіргі ондай сөздерге көңіл күйімді түсіріп, уайымдап, күреспеймін. Ешкімге ақталмаймын, ештеңе дәлелдемеймін. Өзімде ең бастысы, бәрі дұрыс", – деп ағынан жарылды ол.
"Ешқашан ұмытпаймын": Жұлдыз Әбдукәрімова Тоқтар мен Бейбіттің жасаған жақсылығы жайлы айтты
Өнердегі әріптестері Жұлдызды шыдамды, мықты әйел санайды. Айқынның жары Жұлдыз Өмірғалидің айтуынша, 10 жыл ел көзіне көрінбей, үйде отыру екінің бірінің қолынан келмейді.
"2014 жылы КешYou тобымен Алматы, Астана қалаларында концерт қойдық. Сонда Жұлдыз Әбдукәрімованы алғаш рет көрдім. Одан бері санасам, 3-4 рет қана көрген екенмін. Екінші рет Қайрат Нұртастың туған күнінде, үшінші рет ол кісіге сұхбат бердім. Енді әнші, актер ағаларымыздың жарлары ертелі-кеш халыққа танылып жатады.
Араға 10 жыл салып, шыққаны қызық болып тұр. Төзімді болып тұрғанына қарағанда, мықты әйел", – деп пікір білдірді ол.
Ал Әбдукәрімованың өзі 10 жыл үйде отырған кезеңді "қиыншылыққа" баламайды.
"Өзіңнің өміріңе, отбасыңа деген шүкіршілік айту керек сияқты. Мен солай шүкіршілік айтып, балаларым кішкентай болғандықтан, жауапкершілікті сезінгендіктен... Қиыншылық, ойбай шыдадым деп айтпаймын. Мен әдемі, тыныш, бақытты кезеңде өзімнің отбасымды қорғап, мақсатымда өмір сүрдім деп ойлаймын. Әлі де балаларымның алдында сол жауапкершілікті сезінудемін. Адам ретінде, азамат ретінде өсіру – менің басты мақсатым", – дейді Жұлдыз.
Талқылау