Әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған экс-министр Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын
Әйелін азаптап өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы аяқталуға жақын. Бұл туралы судья Айжан Көлбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
18 сәуірде өткен сот отырысының соңында Бишімбаевтың телефонын тексеруді бастады. Алайда сотталушы сотқа ұялы телефонының құпия сөзін айтудан бас тартты. Келесі сот отырысы 22 сәуір күніне бекітілді.
Судья Айжан Көлбаева сот отырысы аяқталып жатқанын және жақын арада тараптардың сөз таласы басталатынын атап өтті. Ол тараптарға осы уақытта барлық құжатты дайындауды тапсырды.
“Процеске қатысушыларға сот тергеуінің іс жүзінде аяқталып келе жатқанын хабарлаймын. Барлық толықтыруларды 22-23 сәуірде сот тергеуіне беріңіздер өйткені сотта тараптарға жарыссөзге дайындалуға уақыт беру мүмкіндігі болуы керек. Сот тергеуіне толықтыруларыңыз болса, өтінемін, 22-23 сәуір күндері өткізіңіздер”, – деді судья.
Бұған дейін Бишімбаевтың туысы Байжанов көмек сұрап қоңырау шалған дәрігер сотта куәгер болған. Cонымен қатар вип бөлмеде Салтанат Нүкенованың саусақ іздері табылмағаны белгілі болды. Содан соң үй тазалаушы қызметкер олардың үйіндегі қанның фотосын Байжановқа жіберіпті.
- "Бұл қан емес, балмұздақ": Бишімбаев пен марқұм Нүкенованың үйін тазалаған қызметкер Байжановқа бөлмедегі қанның фотосын жіберген
- "Насыбай атып, рахатқа батып отыр": Желіде Бишімбаевтың адвокатының сотта жасаған оғаш қимылы қызу талқыға түсті
Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.