Әйелді төсегінен сүйреп әкетіп жеген аю оның үйін бірнеше ай бойы торуылдап жүрген
АҚШ-тың Калифорния штатында аю бірнеше ай бойы 71 жастағы әйелді торуылдап жүріп соңында жеп кеткен. Әйел бұған дейін одан қорқып аң туралы басшыларға хабарлап жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Fox News порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото freepik
2023 жылдың қарашасында Даунивилл қаласында Қара аю 71 жастағы Патрис Миллер тұрған үйге кіріп, оған шабуылдаған. Медициналық сараптама бойына ол әйелдің алдымен мойнын сындырған.
Миллердің көршілері бұл аюды үйінің жанында бірнеше рет көргендерін айтады. Әйел жануарды ұстатып, басқа жерге көшіруге талай рет тырысқан. Тіпті үйінің қауіпсіздігін нығайтып, терезелеріне темір тор орнатқан. Алайда бұл көмектеспеді.
Сараптама қорытындысы бойынша, аң Миллер ұйықтап жатқан бөлмеге кіріп, оны төсектен қонақ бөлмеге сүйреген. Жануар әйелдің дене қалдықтарын жеп, үйде тағы бірнеше күн болған.
Қара аю немесе барибал – Солтүстік Америкада ең көп таралған аю түрі. Оның ересегінің ұзындығы 1,4-2 метрге жетеді және салмағы 360 келіге дейін. Аюдың бұл түрі адамдарға өте сирек шабуыл жасайды.