"Әйелдер мен балалардың құқығы үшін күресті": Белгілі қазақстандық қорғаушы қайтыс болды
Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институтының негізін қалаушы Маргарита Өскембаева өмірден озды. Қаралы жаңалықты депутат Ирина Смирнова жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Маргарита Өскембаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған
Маргарита Өскембаева Қазақстандағы алғашқы феминистердің бірі болды. Көзі тірісінде психолог болып жұмыс істеп, ғылыми жұмыстар жүргізді, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған "Араша" баспанасын басқарды.
Сонымен қатар президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болды.
“Ұзақ уақыт бойы ол ешбір қолдаусыз, төлемсіз, грантсыз, мектеп пен балабақшада психолог болып жұмыс істеп, қоғамдық қызметін атқарды. Содан кейін ол әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ұйымдастыру үшін өте аз мемлекеттік грант алды. Ол бұл әрекетті бар ынта-ниетімен жасады. Әйелдерге медициналық көмек, құқықтық қолдау және психологиялық қолдау көрсету мүмкіндігін қамтамасыз етті. Ол әйелдердің мамандық алуы үшін және онымен бірге өзіне деген сенімі үшін бәрін оқуға тапсырды. Ол орталыққа анасымен бірге түскен балаларға қамқорлық жасады. Мен оларды мектептер мен балабақшаларға орналастырдым”, – деп депутат Ирина Смирнова естелігін бөлісті.
Еске салайық, 2021 жылы Алматыда "Arasha" тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған бейімдеу орталығын келіншектердің бірінің полицей күйеуі бір күн бойы қоршауда ұстағанын жазған едік. Орталық қызметкерлерінің сөзінше, алғашында мекемеге үсті-басы көгерген Шамсия есімді әйел баласымен бірге көмек сұрап келген. Артынша оны қуып, полицей күйеуі жетіп, достарын да ертіп әкелген. Ол әйелін ғимараттан шығаруды талап еткен. Arasha аналар үйінің директоры Маргарита Өскембаеваның айтуынша, мекеме орналасқан орынның мекенжайы бірнеше рет өзгертілген. Десек те мұнда әйелдері бар ер азаматтар аналар үйін іздеп тауып алады.