Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айды тамашалаған қарағандылық тұрғын айыппұл арқалай жаздады

Қарағандылық қоғам белсендісі Дамир Каримов қала тұрғындары телескоп арқылы айды тамашалау үшін тегін шара ұйымдастырды. Мұны байқаған жергілікті тәртіп сақшылары ұйымдастырушыны полиция бөлімшесіне алып кете жаздады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Карина Завьялова қоғам белсендісінің әлеуметтік желіде анонс жасап, көпшілікті айды тамашалауға шақырып жатқанын көрген. Сөйтіп күйеуі мен баласын ертіп, шараға барған. Көшеде көп адамның жиналғанын байқаған тәртіп сақшылары жағдайдың мән-жайын білмек болған.

“Бізге полиция қызметкерлері келді. Олар үшеу еді. Анау жақта тағы біреуі тұр. Тәртіп сақшылары Дамирді полиция бөлімшесіне алып кетпек”, – деп Карина Завьялова оқиға орнынан видео түсірді.

Ол мұндай шаларардың Қарағандыда өте сирек ұйымдастырылатынын айтты.

“Бізде мұндай іс-шаралар жоқтың қасы. Әдеттен тыс, адамдар үшін қызық дүние. Бұл – жай концерт емес, адамдар үшін танымдық іс-шара. Оны ұйымдастырған Дамирге алғысым шексіз”, – дейді қала тұрғыны Карина.

Қарағандылық Дамир Каримов жергілікті тұрғындар арасында тәуелсіз эколог, музыкант, психолог және әуесқой астроном ретінде танымал. Ол туғанынан зағип. Соған қарамастан үнемі велосипедпен жүреді. Тіпті бірде Дамир велосипедпен Алматыға барып келген. Қоғам белсендісі телескоп сатып алған екен. Содан бері ара-тұра оны көшеге шығарып, қала тұрғындарына жұлдыздарды тегін тамашалауға мүмкіндік береді. Дамирдің айтуынша, көшеде отырғанда тәртіп сақшылары жиі келеді. Бірақ бұл жолы жанындағы әріптестері болмаса, айды тамашалауды мүлдем ұмытар еді.

“Біз кешкі уақытта көшеде тұрғанда 10-ға жуық мотоцикл айдағандар өтті. Дауысы Майқұдыққа дейін естіледі. Әндері сонау көрші ауданға естілетін көліктерде ағылып жатты. Өткен-кеткендердің арасында ішіп алғандар да болды. Бірақ полиция біздің жанымға келіп, менің жұмыстарымды аяқтап, хаттама толтыруымды күтті”, – дейді Дамир Каримов.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оларға белгісіз біреудің заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүргені туралы ақпарат түскен.

“Барлық құжаттаманы тексергеннен кейін шараны ұйымдастырушы үйіне жіберілді. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Бұл іс-шараны ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алып, не болатынын полицияға ескерту керек еді. Өйткені ол жерде адам көп жиналады”, – дейді Қарағанды ​​облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.

Талқылау