Жәбірленушілер жүргізушіні жазалауды талап етті: Алматыда автобустың қатысуымен болған жол апатына қатысты сот басталды
Алматыда үш адамның өмірі қиылған автобус апатына қатысты сот басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дархан Ахметжанов, Ермек Шөкебаева
Қоғамдық көлікті тізгіндеген әйелді жолаушы азамат жұдырықтап, автобус аялдамада тұрған үш адамды басып өткен. Жүргізушіні соққыға жыққан 33 жастағы жігіт бірден қамауға алынып, бүгін сот алдында жалғыз өзі жауап бере бастады.
Ал марқұмдардың туыстары автобусты басқарған әйелдің де жәбірленуші ретінде танылуына көңілі толмай отыр.
Үш ай бойы тергеу жүргізілген. Оның қорытындысына сәйкес, үш адамның өліміне әкелген әрекеті үшін Дархан Ахметжанов сот алдында жауап беруді бастады.
Ол бұзақылық жасағанын бірден мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.
"Жоқ, ішінара мойындаймын. 293-бап бойынша өзімнің бұзақылығымды мойындаймын”, – деп жауап берді күдікті.
Сотта автобус жүргізушісі жәбірленуші ретінде танылып, оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Сондай-ақ жылдамдықты асырмағанын айтып отыр.
"Мен жылдамдық болды деп айта алмаймын, тіпті 20-ға да шықпайды-ау деймін. Менің ойымша, аяғым газды басып кеткен сияқты. Өйткені автобустың жылдам жүріп кеткенін көрдім. Мен ондай жылдамдықпен жүргізген емеспін”, – деді автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева.
Дегенмен жантүршігерлік апаттан қаза болған Айдос Әлменбаевтың жары жүргізушіге қатысты өз уәжін айтты. Үш баласымен жалғыз қалған ана оның жауапқа тартылуын сұрайды.
"Неменесіне 10-мен жүрдім дейсіз? Мен де көлік айдаймын. 10 деген жылдамдық жоқ. Ең аз дегенде, 70 пе, 80 бе, сондай жылдамдықпен барып соғып отырсыз. Өз жауабыңызды күдіктінің жол ақысын төлей алмағанын, сосын өзіңізге шақырғаныңызды айтыпсыз. Бұл сіздің міндетіңізге кірмесе, неге жол ақысын талап еттіңіз? Бұл үшін бақылаушылар бар емес пе? Өзіңізге шақырсаңыз, демек жанжалдың басталуына өзіңіз түрткі болдыңыз. Аман қалдым деп отырсыз, біздің күйеуіміз ше, ата-анамыз ше, аман қалмады. Ер адам көпірдің алдына тоқтауды сұрапты. Жанжал басталғанын білесіз, неге автобусты тоқтатып, апаттық шамдарын жағып қоймадыңыз? ” – дейді Айнұр Құсайынова.
Қаза тапқан Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаеваның артында шырылдап төрт баласы қалған. Оның екеуі кәмелетке толмаған.
"Бұл жерде қатысы бар адамдардың барлығы өз жазасын алса екен деймін. Мен жасаймын, менің артымда келе жатқан бес жасар інім бар, екі қарындасым бар. Барлығы әділ жазасын алса екен”, – дейді марқұмның ұлы Ерасыл Байдуәлиев.
Сотта аталмыш іске қатысты төрт жәбірленуші болды. Олар марқұмдардың жақындары мен аяғынан жарақат алған келіншек. Сондай-ақ автобустың жүргізушісі.
Бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодектің екі бірдей бабымен іс қозғалған. Сондай-ақ 32 жастағы Дархан Ахметжановтың құрылысшы болып жұмыс істегені белгілі. Оның үш кәмелетке толмаған баласы бары белгілі болды. Күдікті cегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, үш адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Ал қайтыс болғандардың жақындары автобус паркінен өтемақы талап етіп жатыр. Соққыға жығылған жүргізуші әйелдің сұхбаты әлеуметтік желіде тарады. Сұхбатта жүргізуші өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.