Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аузым әйнекке толып қалды": Жамбыл облысындағы жарылыстан аман қалған өрт сөндіруші оқиғаның мән-жайын айтты

Жамбыл облысында болған жарылыс кезінде өрт сөндіруге барған Байбек Сембеков болған оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “7 арнаға” сілтеме жасап.

Қарауыл бастығы Байбек Сембеков Тараз маңындағы жарылыстардан аман қалды. Ол қазір емделіп жатыр. 

"Оқиға орнына келе сала әскерилерден жарылатын ешнәрсе жоқ па деп сұрадым. Олар арнайы жарылғыш заттар жоқ деді. Біз бірден жұмысымызды бастадық. Мен су көзін іздей бастадым. Біздің көліктерде максимум 5-8 тонна су болды, бірақ бұл жеткіліксіз еді", – деп еске алады Сембеков.

Сонымен қатар өрт сөндіруші жарылыс сәті туралы да айтып берді. 



"Барлық машиналар ангарға жақын келсін деген бұйрық болды. Мен көлікке отырдым, менімен бірге бір жауынгер мен жүргізуші болды. Мен көлікке отыра салып, жақындауға бұйрық берген кезде жарылыс болды. Көлігіміз аударылып кетті. Артқы орындыққа ұшып кеттік. Терезеден бе, есіктен бе есімде жоқ, әйтеуір бір жерден шықтық. Айқайлап жатты, жылаған дауыс та естілді. Қатты соққы болды. Аузым әйнекке толып қалған. Қан түкірдім. Барлығында сондай еді", – дейді ол.

Оның сөзінше жарылыс бірінен кейін бірі қатарынан болған. 

"Бірінші жарылыстан он минут өткен соң, екіншісі болды. Біз бәріміз жерге жатып, қорғана бастадық. Бірінің қолы, енді бірінің аяғы жұлынып кеткен. Ең бірінші ой жарылыс орнынан кету болды. Біз бір-бірімізге көмектесіп, қаша бастадық”, – дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт болды. Өрт бірнеше жарылысқа ұласты.

Талқылау