Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ауыл шаруашылығына бизнес ретінде қарау керек”: Астанада агрофорум өтті

форум
Фото: KMF Банк

Астанада фермерлер, агробизнес өкілдері мен сала сарапшыларын біріктірген сегізінші KMF Агрофорумы өтті. Мамандар ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді талқылады. Оған қоса өзгермелі нарық жағдайында бизнесті дамыту, жаңа нарықтарға шығу, заманауи технологияларды енгізу және ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын сөз етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Іс-шараны KMF Банк пен KMF-Демеу корпоративтік қоры ұйымдастырды. Форумда алғаш болып сөз алған KMF Банк Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов агросаланың экономикадағы рөліне, фермерлердің қазіргі басты мәселелеріне және ауыл кәсіпкерлеріне арналған сараптамалық қолдаудың маңызына тоқталды.

“Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені экономиканың стратегиялық маңызы бар драйверлерінің бірі болып қала береді. Ол әрі қарай өсу үшін айтарлықтай әлеуетке ие. KMF Банк аграрлық сектормен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеді және біз бұл бағыттың өзіндік ерекшелігін түсінеміз. Бүгінде банктің несие портфелінің 40%-дан астамы ауыл шаруашылығына тиесілі, клиенттеріміздің басым бөлігі мал шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Фермерлермен күнделікті жұмыс бізге саланың негізгі түйткілдерін – табыстың маусымдылығы мен айналым капиталына деген қажеттіліктен бастап, әртүрлі өңірлердегі өзекті аграрлық тәжірибелер мен технологияларға қолжетімділіктің айырмашылығына дейін көруге мүмкіндік береді. Нақ сол себепті KMF Банк агрономдарға арналған сараптамалық ортаны дамытуға инвестиция салады”, – деді KMF Банк Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.

Банк KMF-Демеу қорымен бірлесіп кәсіпкерлерге, соның ішінде агрономдарға арналған білім беру жобаларын жүзеге асырып жатыр. 

“Біз үшін кәсіпкерлер өсіп, дами алатын орта құру маңызды. Агрофорумдар – пікір алмасу алаңы және фермерлер үшін практикалық білім алудың, тәжірибе алмасудың және жаңа өсу нүктелерін көрудің тамаша мүмкіндігі. Біз білімге және қолдауға қол жеткізу, әсіресе, ауылдық жерлерде бизнестің орнықтылығына тікелей әсер ететінін көріп жүрміз. Сондықтан қор бүкіл ел бойынша кәсіпкерлердің өз ісін дамытуға және кеңейтуге бірдей мүмкіндіктері болуы үшін білім беру және әлеуметтік бастамаларды дамытады”, – деп атап өтті KMF-Демеу корпоративтік қорының операциялық директоры Әсел Шегебаева. 

KMF Банк өкілдерінің айтуынша, бұған дейін агрофорумдар жергілікті фермерлерге қолжетімді болуы үшін көбіне өңірлер мен ауылдық аймақтарда ұйымдастырылған. Ал биыл форум Астанада өтті. Форумға еліміздің әр өңірінен келген 100-ден астам агробизнес өкілі мен салалық сарапшылар қатысты. Іс-шара барысында агробизнесті кеңейтудің тиімді жолдары сөз болды. Сарапшылар операциялық тиімділікті арттыру, өнім өткізу нарықтарын кеңейту және бизнестің дамуына кедергі келтіретін негізгі қателер жайында пікір алмасты. Сонымен қатар қатысушыларға бизнесті өсіруге арналған нақты шешімдер ұсынылды.

форум
Фото: KMF Банк

Елімізде фермерлік саланың әлеуеті қалай?

Сүт өндірісімен айналысатын фермер Данияр Әбітаев сүт кешенін жаңғырту тәжірибесін бөлісті. Ол форум барысында Қазақстандағы фермерлік саланың әлеуеті жоғары екенін айтты. Десе де жүйелі даму жетіспейді дейді. Сарапшы фермерлерге жоғары әлеуетті ұстап тұру үшін не істеу керегін түсіндірді. 

“Фермерлік – Қазақстандағы әлеуеті өте жоғары, толық дамымаған салалардың бірі. Біз 300 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын мүмкіндікке иеміз. Бірақ технологияның дамуы, өңдеу саласы және жүйелі басқару әлсіз болып тұр. Фермерлер жыл сайын бірдей мәселелерге тап болады. Яғни техника бұзылады, кадр жетіспейді, ауру шығады. Алайда бұл мәселелер жүйелі түрде шешілмейді. Ең бастысы – біз өз ресурсымызды дұрыс талдап, тиімді пайдалануымыз керек”, – деді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшы ауыл шаруашылығында деректерді талдау мен ресурстарды тиімді пайдаланудың маңызына да тоқталды. Оның пікірінше, топырақ сапасы, су қоры, ауа мен микроклимат дұрыс бақыланса, өнімділік айтарлықтай артады.

“Біз өз ресурсымызды дұрыс есептеп, талдамаймыз. Көп фермер топыраққа анализ жасамайды, су қорын есептемейді. Ал ауыл шаруашылығында ең маңызды ресурстар – ауа, су және жер. Мысалы, сүт фермаларында микроклиматты бақылау, таза ауа мен жеткілікті суды қамтамасыз ету өнімділікке тікелей әсер етеді. Бізде ресурс көп болғанымен, оларға әлі де немқұрайлы қараймыз. Ең маңыздысы бар ресурсты ұқыпты пайдалану”, – деді Данияр Әбітаев.

Сарапшының сөзінше, дәл осындай форумдар саладағы қордаланған мәселелерді талқылап, фермерлерге тәжірибе алмасуға, жаңа шешімдер мен тиімді тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.

форум
Фото: KMF Банк

Агробизнес өкілдері қандай қате жасайды?

Ал өсімдік шаруашылығы саласының сарапшысы Бекзат Төрегелдиев агробизнестегі ең басты қателерді атады. Оның сөзінше, елдегі ауыл шаруашылығындағы негізгі қатенің бірі – жоспардың жоқтығы.

“Көп адам “мал аламын, шаруашылық бастаймын” деп келеді, бірақ нақты есебі болмайды. Қай жерге сатады, қанша шығын кетеді, су бар ма, жем жеткілікті ме соны алдын ала ойламайды. Бізде фермерлер көбіне көршісіне қарап шешім қабылдайды: былтыр қырыққабат өтімді болды екен деп, биыл бәрі қырыққабат егеді. Сосын нарықта артық өнім пайда болып, баға түсіп кетеді. Сондықтан ең алдымен анализ, есеп және бизнес-жоспар керек”, – деді Бекзат Төрегелдиев.

Сарапшының пікірінше ауыл шаруашылығы саласына табыс көзі деп емес, бизнес ретінде қарау керек.

“Тағы бір үлкен мәселе, технологияны дұрыс қолданбау және кадр тапшылығы. Адамдар техника алады, бірақ оны қалай пайдалану керегін толық білмейді. Заманауи тәсілдерді қолданбау өнім көлемінің төмендеуіне әкеледі. Әсіресе мал шаруашылығында жоғары өнім беретін асыл тұқымды сиырларға дұрыс күтім жасалмаса, уақытылы вакцинация мен қажет дәрі-дәрмек берілмесе, күткен нәтиже болмайды. Ал тіпті кей фермерлер жердің су қорын, топырақ жағдайын зерттемей-ақ шаруашылық бастайды. Ал бұл кейін үлкен шығынға алып келеді. Ауыл шаруашылығына қазір бұрынғыдай қосымша табыс көзі деп емес, толыққанды бизнес ретінде қарау керек. Егер агробизнеспен айналыссаң, оған толық көңіл бөліп, нарықты, суды, жем базасын, сату жолын алдын ала есептеу қажет”, – деді сарапшы.

Бекзат Төрегелдиевтің сөзінше, фермерлер алдымен өз өңірінің ерекшелігіне бейімделген шаруашылық бағытын таңдауы керек. Мысалы, белгілі бір аймақта тиімді болатын кәсіп түрі басқа өңірде табыс әкелмеуі мүмкін дейді. Оған қоса сарапшы фермерлерге ең алдымен білімге көңіл бөлу қажет екенін айтты.

форум
Фото: KMF Банк

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығында бәсекелестік күшейіп келеді. Сондықтан өнімнің өзіндік құнын азайтып, сапаны арттыру үшін тәжірибелі мамандарды үйрету маңызды дейді.

“Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытын дамыту қажет. Еуропа мен АҚШ-та шағын шаруашылықтардың өзі өнімін өңдеп, қосымша табыс табады. Бұл бағыт Қазақстанда да агробизнестің табысын арттыруға мүмкіндік береді”, – дейді сарапшы.

Сарапшының сөзінше, қазір азық-түлікке сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығына ынтамен әрі дұрыс жоспармен келген кәсіпкерлер қысқа уақыт ішінде табысқа жете алады дейді.

Форумда ет өнеркәсібі мен мал шаруашылығы саласындағы сарапшы Арсен Исламов, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу маманы Жанат Ысқақова және “Северное” брендінің тең құрылтайшысы Наталья Юдина да сөз сөйледі. Сарапшылар агросаланы дамыту, ет пен сүт өнімдерін терең өңдеу, заманауи технология енгізу және фермерлердің табысын арттыру жолдары бойынша өз ұсыныстарын айтты. Ал қатысушылар өзін мазалаған мәселе бойынша сауалын қойып, жауабын алды.

Сонымен қатар форум аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде қатысушылар жаңа серіктестер тауып, саладағы заманауи технологиялық шешімдермен танысты.

Айта кетейік, KMF Банктің филиалдар желісі еліміздегі 4 мыңға жуық елдімекенді қамтиды. Осыған байланысты банк ауыл кәсіпкерлеріне агробизнесті дамытуға қажет білім мен сараптамалық қолжетімділікті кеңейтіп келеді. Қазір Қазақстан бойынша 12 мыңнан астам кәсіпкер түрлі оқу бағдарламасына қатысқан.

Сонымен қатар demeu4business.kz білім беру платформасы іске қосылған. Порталда қаржы, маркетинг, бизнесті басқару және дамыту бағыттары бойынша 100-ден астам тегін сабақ пен материал жарияланған. Оның ішінде фермерлерге арналған арнайы оқу бағдарламалары да бар.

 Банк операцияларын жүргізуге ҚНРДА 25.11.2025 жылы берген № 1.1.121 лицензия

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 09:50