Ауғанстаннан келген қандастарға қаржылай көмек беріліп, үй жалдауға қаржы бөлінбек
Ауғанстаннан келген 35 қандас еліміздің бес өңіріне орналастырылмақ. Сондай-ақ оларға бір реттік көмек ретінде 200 мың теңге мен тұрғын үй жалдауға қаржы бөлінбек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Қазір Ауғанстаннан келген 35 қандас екі апталық карантинге орналастырылған. Алматы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлының мәліметінше, олар Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылуы мүмкін.
“Бір отбасыға 70 АЕК (2021 жылы 204 190 теңге) бөлінеді, содан кейін бір жыл бойы 30 АЕК (87510 теңге) төленіп тұрады. Қандастар Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылмақ. Заң тұрғысынан барлығын түсіндірдік. Әрине, бірінші кезекте олардың өз қалаулары есепке алынады”, – дейді басқарма өкілі.
Егер қандастар аталған өңірлерден басқа аймақты таңдаса, онда оларға квота тағайындалмады. Алдағы уақытта оларды жұмысқа орналастыру мен оқыту мәселелері талқылануда.
Еске салсақ, бұған дейін Ауғанстандағы этникалық қазақтар Қазақстанға жеткізілгені айтылған еді.