Атырау мұнай зауытының мұржасында өрт шықты
Атырау мұнай өңдеу зауытында ауаға жанармай газы шығып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Атырау МӨЗ" ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің ақпаратына сүйенсек, бүгін, 27 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 16:08-де каталитикалық крекинг қондырғысында технологиялық режим бұзылған.
"Авариялық жағдайларға жол бермеу мақсатында жанармай газы мәжбүрлі түрде факелге жіберілді. Сағат 16:33-те газды факелге жіберу тоқтатылды. Қазір технологиялық режимнің бұзылуының себеп-салдары анықталып жатыр", - деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы ауа мен ағынды судың сапасы тексерілгенін жазған болатынбыз.
"Жағымсыз иістің ошағы саналатын авариялық ашық қамба маңынан күкіртті сутегі, азот диоксиді және күкірт диоксидінің құрамы бойынша атмосфералық ауа сынамасы алынды. Облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллиннің жеке газ сараптағышы, сондай-ақ "Қазгидромет" РМК және АМӨЗ-дің санитарлық өндірістік лабораториясының аспаптары ауадағы күкіртті сутегінің құрамы бір текше метрге 0,00 мг екенін анықтады. Ауа құрамынан азот диоксиді де табылған жоқ. Күкірт диоксиді текше метрге 0,70 мг мөлшерінде тіркелді. Бұл көрсеткіш жұмыс аймағында шекті рұқсат етілген концентрациядан бірнеше есе аз", – деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімінен.