Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астананың сол жағалуының тұрғындары құм аралас су ішіп отыр

Астанадағы Есілдің сол жағалауындағы элиталық аудан тұрғындары алты айдан бері құм аралас су ішуге мәжбүр. Салдарынан жұрт түрлі дертке шалдығып қаламыз ба деп қауіптенуде.

Бұл турлы Еуразия арнасы хабарлады.

Жаңа үйдің қолданысқа берілгеніне де көп болмаған. Алайда, жаңа баспананың мәселесі көп.

Астананың қақ ортасында орналасқан жаңа үй былтырдан бері сыр бере бастаған. Тұрғындар жарты жылдан бері краннан аққан құм аралас суды пайдаланып келген.

«Бүгінгі күнде елдің барлығы осы судың өз қалпында еместігін айтады. Ол судың ішінде құм бар, суды ішуге мүмкіндік жоқ. Оның барлығы 2017 жылы күзде  су арнасының адамдары келіп, біраз жұмыс істеген. Бірақ, осы уақытқа дейін ретке келмей отыр. Өйткені шала-пұла жұмыс істеп, тастап кетіп, қазіргі кезде су жөнделмей отыр» – дейді қала тұрғыны Қаһарман Айыпұлы.

Қаһарман Айыпұлы жаңа пәтерге өткен жылы көшкен.  Ақсақал құмды судың кесірінен түрлі ауруға шалдығып қаламыз ба деп қорқып отыр.

«Ашып құйып жатырмын, түбінде құм жиналып тұр. Ойлаңыз өзіңіз, бір күнде қанша адам су ішеді, сонда қаншама құм адамның ішіне барады. Аурудың барлығы осыдан пайда болады деп ойлаймын» – дейді Қаһарман Айыпұлы.

Тұрғындардың бірі Құралай Нұрпейісова күні бойы дүкеннен 5 литрлік су тасуға мәжбүр. Ол аязды күні далаға шығудан қалған.

«Бұл үй келгеннен бері проблема бірінші, ішетін судан құм ағып жатыр. Тамақ пісіре алмаймыз. Сатып аламыз. Сосын үй салқын. Жылу жүйесі өте нашар. КСК-ға айтамыз, КСК оны шешпейді, білмеймін мен қаншама рет бардым. Ешқандай шешімге келген жоқ. КСК да жұмыс істеп жатыр, тазалап жатыр. Білмеймін, қайдан шығып жатқан құм» – дейді қала тұрғыны Құралай Нұрпейісова.

Пәтер иелері кооперативі директорының айтуынша, тұрғын үйге жүргізілген су құбырында ақау бар. Оны жөндеу “Астана су арнасының” құзырында. Мекеме мәселені шешу үшін, талай рет фильтр қойған. Алайда, оның өзі 3-4 ші қабатқа жетіп, қайтадан құмның салдарынан бітеліп қалады екен.

«Пәтерлердің ішінде құбырларда болған құм жер астындағы су арнасының құбырларынан келетін жағдай. Яғни, оған жауапты «Астана су арнасы». «Астана су арнасының» басқармасына біз хат жаздық, сол хатта бәрін айтып түсіндіргенбіз. Содан кейін келіп, олар пәтерлердің құбырларынан анализ алады. Бірақ оған ешқандай жауап берген жоқ» – дейді пәтер иелері кооперативі директоры Бейімбет Уәлиев.

Ал “Астана су арнасының” өкілдерінің түсіндіруінше, су құбырындағы құм жүргізіліп жатқан құрлыс жұмыстарының салдарынан пайда болған. Сондықтан да әзірге фильтрларді мейілінше ауыстырып тұру керек.

«Бұл уақытша қолайсыздықтар. Біздің сарапшы мамандарымыз құбырларды тазарту жұмыстарын күнделікті жүргізіп жатыр. Бүгін таңертең зертхана бөлімінің мамандары дәл сол тұрғын үй кешеніне барып, судың сынамасын алып қайтты. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, су құбырында құм жоқ» – «Астана су арнасы» техникалық бөлімінің басшысы Ержан Шәріпов.

Осылайша, мекеме қызметкерлері мәселенің уақытша екендігін алға тартып отыр. Алдағы күндері тұрғын үйге қосымша сүзгілерді орнатып, тұрғындарды таза ауыз сумен толыққанды қамтамасыз етпек.

Тағы оқыңыз:

Мұхтар Жәкішевтің анасы Назарбаевтан ұлын кешіруді сұрады

Қостанайда жасөспірім сыныптастарының қорлығына шыдамай үйінен кетіп қалды

Әкімдік жұмыссыз қалған “Абу Даби Плаза” құрылысшыларына көмектеседі

Зейнеткер: Астанадағы еркекті айналдыруға арналған “Гейша” мектебіне баратын кемпірлер – надандар

Талқылау