Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Kyzdar.net пен полиция қызметкерінің қорғауы": Астанадағы тұрғын үй кешенінде табысы 500 миллион теңгеден асатын секс-притон анықталды

Астана соты елордадағы элиталық тұрғын үй кешенінің бірнеше пәтерінде бір жылдан астам жұмыс істеп, жезөкшелікпен айналысқандарға қатысты үкім шығарды. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, мекеменің осы уақыт аралығындағы кірісі 500 миллион теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот материалдарынан 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың желтоқсан айына дейін Астана қаласының тұрғыны күйеуімен бірге интимдік қызмет көрсететін мекеме ашқаны белгілі болды. Интимдік қызмет көрсету үшін олар тұрғын үй кешінінің бірнеше пәтерін бір түнге жалға алып отырған. Әр пәтерде ауысыммен “қызмет ететін”  2-3 қыздан бөлек, клиентпен сөйлесіп, жаңадан келген қыздарға нұсқау беріп, қалтаға түсетін қаражатты бақылап отыратын әкімші қызмет еткен. 

Секс-притонды ашқан астаналық тұрғын қызмет көрсететін қыз-келіншектерді жұмысқа өзі таңдайтын көрінеді. Ол интернетке “жалақысы жақсы төленетін массаж жасайтын қыз іздеймін” деп хабарландыру жариялайды. Сондай-ақ келіншек Kyzdar.net сайтындағы қыздардың жеке басына қатысты мәліметтерін де қолдан жасаған.

Жезөкшелер үйіне жұмыс істеуге келген әрбір қыз кепіл ретінде 50 мың теңге төлеуі керек. Интимдік қызмет құны сағатына 40-100 мың теңге аралығында. Ал қыздардың тапқан ақшасының жартысын жұмыс берушіге тиесілі болған. Жезөкшелер үйінде айыппұлдар жүйесі болған. Мысалы, қыз-келіншектер “жұмысқа” кешіксе немесе әкімшімен дөрекі сөйлессе, айыппұл төлеп отырған. Сонымен қатар жұмысшылардын жалға алынған пәтер мен тазалық жұмыстар үшін де еңбекақысынан ақша ұстап қалатын көрінеді.

“Клиенттерден түскен қаражат келіншектің есепшотына түссе, ал қолма-қол ақша әкімшіге аударылды. Жезөкшелер үйінің иесі WhatsApp қосымшасында "Гармония" деген екі топ құрды, оған өзін, жезөкшелер үйінің әкімшілері және интимдік қызмет көрсететін қыздарды қосады. Онда жұмыс барысындағы мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, клиенттердің келуі туралы хабарлау, олардың белгілі бір интимдік қызметтің түрлерін қалайтыны жайлы айтылады. Әкімшілер, қыздар және притон басшысы бар "Кассир" тобында қыздар клиенттен қанша қолма-қол ақша алғанын жазып, егер клиент келіншектің картасына ақша аударса, түбіртектің суретін жіберген", – делінген хабарламада.

Интимдік қызмет көрсететін салон иесі кіріс-шығысты жазып отыратын есеп кітапшасын жүргізген. Тергеу мәліметтері бойынша, олардың күнделікті табысы 800 мыңнан –  2,5 миллион теңгеге дейін жеткен. Жезөкшелер үйінің бір жыл үш ай жұмыс істегендегі жалпы табысы 504 миллион теңгеден асады.

“Кәсіп” иесінің серіктесі жезөкшелер үйіне күн сайын түнде ақша жинау үшін барып тұрған. Сонымен қатар ол “кәсіптің” жабылып қалмауын ойлап, полиция қызметкерлеріне тұрақты ақша беріп тұрған. Сөйтіп жүргенде учаскелік инспекторлардың бірі 300 мың теңге пара алып жатқан жерінен ұсталды.

Өткен жылдың тамыз айында көршілердің шағымына байланысты “мекемеде” қиындықтар туындап, олар бір айға Астананың оңтүстік-шығысындағы коттеджге көшіп кеткен екен. Алайда, ол жерде жақсы табыс таба алмаған соң өз бұрынғы орынға қайта оралады. Жақында сот жезөкшелер үйін ашқан астаналық келіншекті шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айырды. Оның серіктесі мен отбасылық бизнесін жасырған полиция қызметкері де 4 жылға темір торға тоғытылды.

Талқылау