Астанадағы LRT пойызы қашан іске қосылатыны белгілі болды

Фото: GTS
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте LRT жобасы алдағы айларда толық іске қосылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жүйе биылғы қыркүйек айынан бастап тест режимінде жұмыс істеп жатыр. Қазір қажет вагондарды жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық құрамды желтоқсан айының соңына дейін толық әкелу жоспарланып отыр.
“Тест режимі үш айдан алты айға дейін жалғасады. Алдағы бір-екі айдың ішінде барлық тексеру жұмыстары аяқталып, LRT жолаушыларды толыққанды тасымалдауға көшеді”, – деді Астана қаласының әкімі.
- Астанада LRT жабдықтарына адам өміріне қауіпті кернеу беріледі
- Астанада іске қосылған LRT пойыздарының жол желісі адам өміріне қауіпті екені ескертілді
Айта кетейік, Алматыда LRT желісін 2040 жылға дейін салу тағы да жоспарланып жатқаны туралы жазған едік. Алайда 2020 жылы Алматы әкімі болған Бақытжан Сағынтаев қаржының жетіспеушілігіне байланысты қиындықтарға тап болғанын айтқан еді.
“Мәселе – қаржыландыруда. Бұл – аз қаржы емес, жүздеген миллиард теңге қажет. Қазіргі девальвацияны ескерсек, жобаның құны әлі нақтылауды талап етеді, қазір нақты қаржыны айту қиын. Біз жобаны әзірлеушілермен пікірталас жүргізіп жатырмыз, олар жобаны белгілі бір тәсілмен қаржыландыру қажет екенін алға тартады. Алайда мұндай ауқымды жобаны қалалық бюджет көтере ала ма деген сұрақ тұр”, – деген еді Сағынтаев.
2021 жылы Бақытжан Сағынтаев LRT құрылысына 300 миллион АҚШ доллары қажет болатынын айтып, жобаға қаржыландыру көздері керек екенін мәлімдеді.
2022 жылдың қыркүйегінде Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы жеңіл рельсті трамвай (LRT) желісіне қатысты нақты шешімдерді келесі жылдың сәуір айында ұсынатынын айтты. Сонымен қатар, бұл жоба қаланың көлік қаңқасын қалыптастыратын негізгі жобалардың бірі екенін атап өтті.
LRT-ның алғашқы желісі Төле би көшесі бойымен жүргізілуі жоспарланып, жоба 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспарға енгізілді. Бас жоспарға сәйкес, оны іске асыру мерзімі 2025–2030 жылдар аралығы ретінде белгіленген.
Ал 2023 жылдың сәуірінде қалалық мобильдік басқармасының басшысы Алматыдағы LRT жобасын жүзеге асыру үшін жаңа жоба қажет екенін мәлімдеді.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты