Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы автобус апаты: Қайғылы жағдай болар алдында анасы Алуаны елордаға жібергісі келмеген

Алуа БекенФото: instagram.com/help.aluabeken

Астанада автобус апатынан екі бірдей аяғынан айырылған 8 жастағы қыздың туыстары желіде арнайы парақша ашып, Алуаның және оның отбасының қазіргі жағдайын баяндаған. Ал желі қолданушылары жолда жүргізушінің телефонға қарап отыруына тыйым салуды талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Автобус апатынан зардап шеккен Алуа Бекеннің нағашы ағасы Бақтияр Серіков оңалтуға ақша жинау мақсатында Instagram желісінен help.aluabeken парақшасын ашқан. Әлеуметтік желідегі парақшада туысы Алуаның ем алу барысын және оның отбасының қазіргі жағдайын баяндаған.

Ағасының жазуынша, Алуа – үйіндегі үшінші бала. Оның алдында 14 жастағы әпкесі, 13 жастағы ағасы, 7 жасар сіңілісі мен 4 жасар інісі бар. Анасы мен әкесі айырылысып кеткен.

Олар Ақмола облысына қарасты Егіндікөл ауылында тұрып жатқан. Әкесі балаларына аз-маз алимент төлеп тұрған. Алайда ол ақша балалардың ішім-жеміне жетпейтін болған соң Алуаның анасы балаларды үйде қалдырып, табылған жұмсытан бас тартпай, істей берген. Бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырса да, мемлекеттен қандай да бір көмек алуға өтінім бермеген. Өзі жұмыста жүргенде Егіндікөл балаларына әлдеқайда қауіпсіз деп санап, Астанаға бауырларының қасына көшуді ойламапты.

Ал қайғылы жайғдай болар алдында балаларын елордаға жібергісі келмеген екен.

"Мұнда анамыз, Мадияр (Махаббаттың екінші інісі – ред.) екеуміз, бұрынғы күйеуінің анасы болғандықтан, елордада қыдырып келсін деп жіберді. Сол кеште олар MEGA Silk Way-ден шығып, барлығы №10 автобустың алдыңғы жағындағы орындарға отырған – төрт бала жүргізушінің артқы жағындағы орындыққа, ал анамыз (Алуаның әжесі) есіктің алдындағы орынға отырған. Анамыз 10 маусымда ауруханадан шықты. Оған бас сүйек-ми зақымы, мидың шайқалуы, өкпенің соғылуы деген диагноз қойылды, әйнек сынығынан аяғы жараланған", – дейді Бақтияр.

Туыстарының сөзінше, Алуа апаттан кейін қатты өзгеріп кеткен.

Сондай өмірге құштар, өжет, ақжарқын қыз болатын. Өте қағылез, белсенді еді, езуінен күлкі кетпейтін. Қазір тұйықталып қалды. Күлімсіремейді, сөйлеспейді, үндемейді, сұраққа жауап бермейді, бәрін түсініп тұрса да, тіпті анасымен сөйлеспейді", – деп жазды ол. Тамаққа тәбеті тартпай, ойыншыққа да қызықпай қалған.

Әпкесі Алуамен ауруханада жатқанда төрт балаға інісі Мадияр мен келіні бас-көз болған. Бақтияр күн ұзаққа ауруханада жүрсе, Мадияр заңгер іздеген, балаларға оның жары қарайласқан.

"Мадиярдың өзінің төрт баласы бар, бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Оған Махаббаттың төрт баласын қосыңыз. Оңай емес. Анам ауруханадан шықты, енді балаларды өзім тұрып жатқан бір бөлмелі жалдамалы пәтерге алып кетемін. Қайырымдылық көмекке жиналған ақшаны құртпау үшін, кең бөлмелі пәтер жалдағымыз келмеді. Ал өзіміздің жиған-терген ақшамыз күнделікті жүріп-тұруымызға, тұрмыстық және медициналық шығындарға кетіп жатыр", – деп жазды Махаббаттың інісі.

Алуаның жағдайы тұрақталған соң туыстары анасы екеуін ем алу үшін Германияға жіберуді ойластырып отыр.

"Бізге заманауи, жеңіл, көпфункциялы бионикалық протез керек. Оның құны 32 мың еуро, яғни 20 млн теңгеден басталады", – деп жазады ағасы.

Отаның орны тезірек жазылса, 4 айдан кейін Алуаға протез іздеуге кіріспек.

Ал Алуаның еміне қаржы жинау үшін ашылған парақшада желі қолданушылары автобус жүргізушілерінің көбі жолда телефонға үңіліп отыратынына шағымданып,  тыйым салуды талап еткен.

"Кішкентай бүлдіршірнің не кінәсі бар осындай жағдайға душар болатын? Оны істеп отырған біз үлкендер! Жолға миллион камера орнатқанша, жолда телефонға үңіліп отыратын жүргізушілермен неге күреспейсіңдер? Қазақстанда 90% адам жолда кетіп бара жатып телефон шұқылап отырады", – деп пікір білдірген желі қолданушысы. Пікірлерге қарағанда, оқырмандардың көбі бұл ойды қостаған.

Еске салсақ, 2 маусымда Астанада жолаушылар автобусы бағанаға соғылып, 15 адам жарақат алды. Ауруханаға ауыр халде түскен сегіз жастағы Алуа Бекеннің екі аяғын ампутациялауға тура келген.

17 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Алуа ауруханадан шыққанын, Ақмола облысындағы тұрғылықты жері бойынша оңалту курсын өтетінін айтты.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 17 Маусым, 2025 15:17