Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы 1 миллиард теңге жымқырған – Қаржы мониторингі агенттігі

Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдері аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

Қаржы мониторингі агенттігі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

“2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған "Күн" ("Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы") субырқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған. Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған. Құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сай келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. Салдарынан аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазір апатты жағдайда тұр”, – деп мәлімдеді ҚМА.



Ұрланған қаражаттың көлемі 1 миллиард теңгеден асып отыр. Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне, соның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтеріне тыйым салынды.

Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды.

Еске салайық, бұған дейін Астанада мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловтың қамауға алынғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау