Астанада 4 жасар баланың басынан темір орындықпен ұрған (видео)
Астанада балабақшада төрт жасар баланың басы зақымдалып, ауруханаға жеткізілді. Деректерге сүйенсек, оның басынан өзге тәрбиеленуші бүлдіршін орындықпен ұрған. Алайда баланың анасы кейін бейнебақылаудан тәрбиешінің дөрекі қарым-қатынасын көріп, наразылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Оқиға "Медина" балабақшасында болған. Сәбидің анасының айтуынша, ол 24 қыркүйекте таңертең ұлын балабақшаға апарған. Ал 9:41-де бала басын ұрып алғанын айтып, тәрбиеші хабарласқан.
Анасы балабақшаға барып, ұлының басындағы ашық жарақатты көріп, шошып кеткен. 10-15 минуттан кейін жедел жәрдем келіп, баланы ауруханаға жеткізіп, тігістер салған.
Кейін ұлдың анасы бейнебақылау камераларынан қарауды талап еткен. Онда басқа тәрбиеленушінің баланы басынан темір орындықпен ұрып жатқаны көрсетілген. Бұдан соң әйел видеодан тәрбиешілердің дөрекі және қатыгез қарым-қатынасын да көргенін атап өтті.
"Анасы бастапқыда жағдайды түсінуге тырысты. Бірақ видеоны көргеннен кейін әділдікті талап етті", — делінген хабарламада.
Балабақша өкілдері оқиғадан соң ақшалай көмек ұсынып, кешірім сұраған. Бірақ анасы кінәлілердің жауапқа тартылғанын қалайтынын айтады. Ол материалдық көмектен бас тартқан. Сондай-ақ соққының салдары ұлының денсаулығына әсер етуі мүмкін екенін жеткізді. Себебі бала бұған дейін сөйлемей, тек ым-ишарамен түсіндіріп жүрген.
Келесі күні баланың атасы тәрбиешілерге ашуланған. Ал баланың інісін балабақшадан шығарып алды деген болжам бар.
"Бүгінде балабақша тәрбиешісі Еңбек кодексінің 49-бабына сәйкес, 25 қыркүйектен бастап жұмыстан шығарылды", – деп түсіндірді ведомство.