Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана әкімдігі автобуста болған жанжалдың толық видеосын жариялады

№ 50 автобуста болған жайтты әкімдік баспасөз қызметі баяндап берді.

2689584

Астана әкімдігі Желіде жарияланған автобустағы жанжал туралы видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik.

Бұдан бұрын Yerbol Abibullayev есімді Facebook қолданушысы әлеуметтік желіде ашуға мінген автобус кондукторының видеосын жариялаған еді. Қолданушының айтуынша, автобус қатты жылдамдықпен аялдамадан өтіп кетіп, шұғыл тоқтап, жолаушы алдында есікті жаппақ болады. Жолаушы видеоға түсіре бастағанда, жүргізуші смартфонды қолымен қағып жіберіп, артынан жолаушыға қол жұмсайды.

Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, жолаушы, кондуктор және жүргізуші арасындағы жанжал 4 шілдеде № 50 автобуста болған. Жолаушылар көлігі басқармасы, “Астана LRT” компаниясының көліктік бақылау қызметі және № 2 автобус паркі осы оқиға бойынша тексеру жүргізді. Оқиға желісі автобус салонында орнатылған бейнекамералар арқылы анықталды, деп атап өтті ведомство.

Шамамен сағат 10.30-да Тұран көшесіндегі “Ана мен Бала” аялдамасында автобус аялдама бекетіне жетпей тоқтайды.

“Аялдама алдында тоқтауға мүмкіндік болмаған, өйткені онда № 51  автобус (гармошка) тұрған”, — делінген хабарламада.

Бұған наразы болған жолаушы автобус жүргізушісін балағаттай бастайды. Кондуктор сабырға шақыруға тырысқанымен, жолаушы телефонындағы бейнекамераны қосып, автобусты айдап келе жатқан жүргізушіге беттейді. Жолаушы айғайлап, тіл тигізіп, автобустың қауіпсіз жол жүруіне кедергі келтірген, делінген әкімдік хабарламасында.

“Автобуста орнатылған бейнекамералардағы видеода анық көрінгендей, жолаушы жүргізушіні жанжал шығаруға арандатқан. Ал кондуктор тоқтатуға тырысып, жолаушыны автобустың ортаңғы бөлігіне, өз орнына баруға шақырыпты”, — дейді әкімдік.

Бірақ жолаушы видео түсіруін жалғастырып, автобус қозғалысына кедергі келтіреді.

“Жүргізуші бірнеше рет телефонды алуға тырысады. Сосын бір кезде жолаушының телефонына қолы тиіп кетіп, ол алдыңғы терезе маңына түсіп қалады. Жолаушы ашуға мініп, жүргізушіні жағынан жұдырықпен бір салған. Жүргізушінің айтуынша, соққыдан көлікті басқара алмай, тежегішті шұғыл басқан. Абырой болғанда, автобустың күрт тоқтағанына қарамастан, жолаушылардың ешқайсысы зардап шекпепті”, — делінген хабарламада.

Енді № 2 автобус паркі дене жарақатын салу және қоғамдық көліктің қауіпсіз қозғалысына кедергі жасау деректері бойынша құқық қорғау органдарына шағым түсіруді көздеп отыр.

“Қол жұмсай бастаған кезде ғана кондуктор өз-өзіне ие бола алмай, жолаушыға дауыс көтерген. Ер адамның шектен шыққанына қарамастан, кондуктор оған айғайлап, тіл тигізуге тиіс емес еді. Бұл оқиғаға байланысты кондуктор тәртіптік жауапкершілікке тартылады”, — деп сендіреді әкімдік.

Бұл жанжалға қоғамдық көліктің жолаушылары да араласып, ер адамды тыныштандыруға тырысқан. Солардың арқасында ер адам сабырға келіп, автобустың ортаңғы бөлігіне барыпты, бірақ видеоға түсіруін тоқтатпапты.

“Әрі қарай жолаушылар, кондуктор және әлгі наразылығын білдірген ер адам арасында дау тарқамаған. Сол сәтті жолаушы әлеуметтік желіде жариялапты”, — деп қорытындылады әкімдік.

Тағы да оқыңыз:

9 айлық сәби пойызда аптап ыстықтан есінен танып, клиникалық өлім жағдайына түскен

Алматыда 8 жасар баланы қағып өлтірген әйел жазасыз қалды

Мұхтар Әблязов Ұлыбританияда емін-еркін жүруі үшін ұлына миллиондап ақша аударған

Оралда құрылыс алаңынан табылған сәбиді өз әкесі қамқорлығына алмақшы

Талқылау