Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асхат Тарғын бұрынғы жұбайына қол көтергенін айтты

Асхат Тарғын алғаш рет өзінің бірінші жұбайына қол көтергенін мойындады. Мұнымен қатар, ол қызы үшін бірінші отбасына алименттен бөлек, материалдық көмек көрсететінін жеткізді.

18096266_103091946926313_6707040952571133952_n

Бұл туралы «Неге солай» бағдарламасында айтылды.

– Жуырда дүбірлі той жасадыңыз. Отбасылық өміріңіз қалай болып жатыр?

– Отбасылық өмір жақсы екен. Өзіңіз көріп отырғандай неке жүзігін тағып жүрмін. Бұл жүзікте тұрған ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы, бір-бірімізге сеніп, бір-бірімізге адал болсақ болғаны. Махаббаттың жасқа қарайтынын немесе қарамайтынын білмеймін. Біз танысқаннан кейін жақсы сөйлесіп кеттік. Дос болып араласып, артынша сезімімізді білдірдік. Үйленетін жасым да келді. Қайсы қыз маған жақсы жар болады, қайсысы жақсы келін болады деп қарай бастадым. Өзі тәрбиелі қыз.

– Ата-анасы сізге тұрмысқа шығуына қарсы болмады ма?

– Жас айырмашылығымызға байланысты ешкім бізге қарсы болмады. Оның үстіне бізді ешкім қинап қосқан жоқ. Екеуіміз бір-бірімізді таңдадық.

– Жұбайыңыз өнеріңіз бен танымалдылығыңызға қызықты деген ой бола ма?

– Келіншегімнің өнерге мүлдем қатысы жоқ. Өзі қарапайым отбасынан шыққан. Ата-анасы жақсы тәрбие берген. Қазақ қыздың тегіне қатты мән береді ғой. Әрине, осы күнге дейін атағым мен байлығыма қызыққан қыздарды кездестірдім. Бірақ келіншегімді олардың қатарына қоса алмаймын. Мысалы, қазір көп жерге келіншегіммен бірге келуді сұрайды. Ол керісінше түсірілім дегеннен қашады. Маған «Өзің бара берші. Мен қарапайым адамдарша өмір сүргім келеді» деп айтады.  Мінезі де өте сабырлы.

– Үйленбей тұрып басқа қыздармен көңіл қосқан кездеріңіз болды ма?

– Менің жеке өміріме қатысты сырдың барлығын аша берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бірақ, сөйлескен қыздарым болды. Өзіме өмірлік серік іздеп жүргеніме көп болды.

– Біздің білуімізше, бұл сіздің екінші әйеліңіз. Жалпы бірінші отбасыңыз туралы көп әңгіме қозғағанды ұнатпайсыз. Десе де, не себепті ажырастыңыздар?

– Шыны керек, бұл мәселені әңгіме қылғым келмейді. Себебі, ол – өз жөнімен кеткен адам. Оның да жеке өмірі бар. Ол да бақытты болуы керек. Оны қызымның анасы ретінде құрметтеймін. Арамызда бала бар. Бірақ, тағдырымыз жараспады. Мен оны ешуақытта жамандамаймын. Кінә екі жақтан да бар. «Өткен іске өкінбе» деген сөз бар. Арада 10 жыл өтіп кеткеннен кейін мұны қозғаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Барша халықтың алдында оны жамандап отырғаным ұят. Өйткені, ол да – біреудің қызы. Адамдар интернет арқылы ойына келгендерін жазады. «Қызыңды ойламайсың ба?!», «Бұрынғы әйеліңмен қосылмайсың ба?» деп жатады. Олардың өзгенің өмірінде қандай шаруасы бар екенін түсіне алар емеспін.

Қызыммен әлі күнге дейін араласамын. Үйленетін кезде оған шындықты айтып, таныстырдым. Қызым қазір 13 жаста. «Папаң жалғыз жүр. Ол отбасын құруы керек. Қазір қиналып жүрмін. Оның үстінде Алматыда тұрамын. Шайым мен тамағымды дайындайтын адам керек. Сенің жағдайыңды жасау үшін барымды саламын» деп айттым. Қызым түсіністік танытып, «Жарайды, әке» деп келісті. Бірінші жұбайым тұрмысқа шыққан жоқ. Шыққан жағдайда еститін едім. Бұрын арыздассақ та, ол менің жауым емес. Барлығын кешірдім. Мен артық кеткен болсам, Алланың разылығы үшін кешірім сұраймын. Тұрмысқа шығып жатса, мен тек қуанамын. Қызым үшін бірінші жұбайыма материалдық көмек көрсетіп отырамын. Ай сайынғы алиментті міндетті түрде төлеймін.

– Бұрынғы жұбайыңыз тойыңызға келді ме?

– Тойыма келмеді. Олар ауылда тұрады. 2000 шақырым жерден келіп-кету оңай емес. Оның үстіне, менің тойыма келгені ұят емес пе?! Біз олай жақын араласпаймыз. Тек қызым арқылы қалымызды біліп тұрамыз. Жедел жағдай болған кезде ғана сөйлесуім мүмкін. Ал жеке өміріне мүлдем араласпаймын.

– Әйел затына қол көтерген кезіңіз болды ма?

– Өтірік айтпай-ақ қояйын. Әрине, қатты сабаған емеспін. Бірақ, жастық пен балалықтың салдарынан итеріп, қатты кетіп қалған кездерім болды. Кез келген отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Оның үстіне 22 жасымда қызуқанды едім. Оң-солды да көп біле бермейміз. Қызбалыққа салынғаным рас. Бірақ, бас жарып, көзді шығаратындай қол көтермедім.


Жіберіп алмаңыз:

Қыз Жібектің рөлін сомдаған атақты актриса Кенталдың клипіне түсті

Әнші Луина эфирде балағат сөз айтып, масқара болды (видео)

Ерке Есмахан мінсіз мүсінін көрсетемін деп ұятқа қалды (фото)

Өнерге қайта оралған “Нұрлан мен Мұрат” дуэті бейнебаян түсіріп жатыр

Талқылау